Бес өңірде бизнес мәселелерін шешетін орталықтар ашылады
Премьер-министр орынбасары төрағалық еткен кеңесте бизнесті қолдау орталықтарын құру тұжырымдамасы таныстырылды. Пилоттық жоба бес өңірде іске асырылады.
Үкіметте өткен кеңесте бизнесті қолдау және сүйемелдеу орталықтарын құру тұжырымдамасы таныстырылды. Жиынды Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жүргізді. Пилоттық жоба «Даму» қорының өңірлік филиалдарының базасында іске асырылады.

«Даму» қорының басқарма төрағасы Фархат Сәрсекеевтің айтуынша, қазір кәсіпкерлер мемлекеттік қолдаудың әртүрлі құралдарын пайдалана алады. Дегенмен бизнесте қиындық туындағанда олар көбінесе қайда жүгіну керектігін білмейді. Себебі мәселені шешу әртүрлі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың құзыретіне кіруі мүмкін.

Сондықтан мәселені анықтаудан бастап реттеуге дейінгі бизнесті кешенді сүйемелдеудің бірыңғай тетігін әзірлеу қажеттілігі туындап отыр.

— Қолдау орталықтарын құру кезінде «Атамекен» ҰКП проблемалық мәселелер тізілімінен 2,4 мыңнан астам ШОБ өтінішіне талдау жасалды. Оның 600-ден астамы пилоттық жобаны іске қосу жоспарланған өңірлерден келіп түскен. Бизнес өтініштерінің негізгі бөлігі қаржыландыруға қол жеткізу, берешекті қайта құрылымдау, мемлекеттік қолдау шараларын алу, салық, өнімді өткізу, кәсіпкерлік құзыреттерді дамыту бойынша консультациялар туралы. Сондай-ақ сұраныстардың едәуір бөлігі АӨК секторына қатысты. БҚСО дәл осы бағытта жұмыс істейді. Бұл ретте орталықтардың тиімділігінің негізгі көрсеткіші өткізілген консультацияның саны емес, кәсіпкерлердің реттелген мәселелерінің үлесі болады, — деп атап өтті Фархат Сәрсекеев.
Күрделі жағдайға тап болған және мәселесін шешу үшін қайда жүгіну керектігін білмейтін кәсіпкер үшін ерекше ыңғайлы орталықтардың жұмысы «бір терезе» қағидаты бойынша құрылады. Онда «Даму» қорының филиалдары базасында барлық толғандырған мәселе бойынша кеңес алуға болады. Пилоттық жоба аясында БҚСО бес өңірде – Астана, Алматы, Шымкент, Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарында ұйымдастырылады. Қыркүйектен желтоқсанға дейін созылатын пилоттың қорытындысы бойынша жаңа тетіктің тиімділігін бағалау жүргізіліп, жобаны еліміздің барлық өңіріне тарату туралы шешім қабылданады.
Кеңесте орталықтарды іске қосу және жұмыс істеу тетігін пысықтау үшін мүдделі мемлекеттік, құқық қорғау органдары, қаржы реттеушілері мен «Даму» қоры өкілдері қатысатын жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды.




