Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
9 қазан 2026, жұма USD 448,9 EUR 502,1 RUB 5,26 CNY 67,0 Астана +6° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Базалық зейнетақы мөлшері еңбек өтіліне қарай қалай есептеледі

Базалық зейнетақы мөлшері еңбек өтіліне қарай қалай есептеледі
Сурет: baq.kz

Базалық зейнетақының мөлшері азаматтың еңбек өтілі мен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу ұзақтығына байланысты екенін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік сақтандыру және әлеуметтік қамсыздандыру департаментінің сарапшысы Жамали Жәдігеров түсіндірді.

Сарапшының айтуынша, базалық зейнетақы – зейнеткерлік жасқа толған азаматтарға мемлекеттің ай сайын төлейтін кепілдендірілген төлемі. Ол зейнетақы жүйесінің негізгі құрамдас бөліктерінің бірі саналады.

Қазіргі уақытта базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері күнкөріс деңгейінің 70 пайызын, ал ең жоғары мөлшері 118 пайызын құрайды. Төлем көлемін анықтау кезінде азаматтың еңбек өтілі мен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу мерзімі ескеріледі.

Жамали Жәдігеров азаматтың болашақ базалық зейнетақысының мөлшеріне өзі де әсер ете алатынын атап өтті. Ол үшін ресми еңбек ету және зейнетақы жүйесіне тұрақты қатысу маңызды.

«Егер азаматтың ресми еңбек өтілі және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі болса, базалық зейнетақы ең жоғары мөлшерге дейін тағайындалуы мүмкін. Сондықтан ресми түрде еңбек етіп, зейнетақы жүйесіне тұрақты түрде қатысу өте маңызды», — деді ол.

Еңбекминінің өкілінің түсіндіруінше, бұған дейін базалық зейнетақының мөлшері азаматтардың еңбек өтіліне қарамастан бірдей болған. Қазір төлем көлемі еңбек өтілі мен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу мерзіміне қарай белгіленеді. Яғни еңбек өтілі мен зейнетақы жүйесіне қатысу мерзімі неғұрлым ұзақ болса, базалық зейнетақы мөлшері де соғұрлым жоғары болады.

Бұл тәсіл азаматтарды ресми еңбек етуге және зейнетақы жүйесіне тұрақты қатысуға ынталандыруға бағытталған. Нәтижесінде азаматтардың болашақта жоғары мөлшерде зейнетақы алу мүмкіндігі артады.

Еске салсақ, бұған дейін жасанды интеллект енді жұмыс, зейнетақы және еңбек қауіпсіздігі мәселелеріне араласатынын хабарладық. Жыл соңына дейін ЖИ жұмыс іздеушілерге қолдау шараларын таңдаудан бастап, зейнетақы тағайындауға ұсыным қалыптастыруға дейінгі бірқатар бағытқа енгізіледі.