Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
9 қазан 2026, жұма USD 448,9 EUR 502,1 RUB 5,26 CNY 67,0 Астана +5° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Қазақстанда балалар үйірмелерінің бағасы қанша: 20 қаладағы салыстыру

Қазақстанның 20 қаласында балаларға арналған шығармашылық үйірмелердің бағасы салыстырылды.

Қазақстанда балалар үйірмелерінің бағасы қанша: 20 қаладағы салыстыру
Сурет: inform.kz

Жаңа оқу жылының қарсаңында ата-аналар балаларының үйірмелеріне кететін шығынды есептеп жатыр. Шығармашылық бағыттағы қосымша сабақтардың құны қалаға және таңдалған бағытқа қарай айтарлықтай өзгереді. Ең арзан және ең қымбат үйірме арасындағы айырмашылық бірнеше мың теңгені құрайды.

Қазақстанның 20 қаласындағы бағаларды салыстыру нәтижесінде вокал мен музыкалық аспапта ойнау үйірмелерінің құнында үлкен алшақтық байқалды. Ал сурет салу өнеріне машықтану бағасы салыстырмалы түрде төмен.

Талдауға ән, би, музыкалық аспапта ойнау және сурет салу өнері кірді. Әр бағыттың ең арзан және ең қымбат бағасы анықталып, айлық орташа көрсеткіш есептелді.

Вокал: 8 мың теңгеден 42 мыңға дейін

Ән үйірмесінің бағасы Ақтөбе қаласында 8 мың теңгеден басталады, ал Өскеменде вокалға қатысатындар айына 42 мың теңгеге дейін жұмсайды. 20 қаладағы орташа баға шамамен айына 25,2 мың теңгені құрайды.

Астанада үйірме құны 35 мың теңге, Алматыда 30 мың, Таразда 40 мың, ал Орал, Петропавл, Павлодар мен Семейде 30 мың теңге болып тұр. Қолжетімді қалалар қатарында Қостанай бар — айына 17 мың теңге. Талдықорғанда 16 мың, Түркістан мен Қызылордада 15 мың теңге.

Қорытынды: ең төмен баға — 8 мың теңге, ең жоғары баға — 42 мың теңге, орташа көрсеткіш — 25,2 мың теңге.

Сурет: inform.kz

Би — 14-30 мың теңге аралығында

Елімізде би үйірмесінің бағасы басқаларға қарағанда тұрақты. Ең арзаны — Петропавл қаласында, үйірме құны 14 мың теңге. Ең қымбаты — Астана, Алматы, Өскемен қалаларында, бағасы 30 мың теңге.

Орташа баға айына 20,6 мың теңге шамасында. Қалалардың көбінде би үйірмесінің бағасы 15-25 мың теңге аралығында. Мәселен, Түркістанда 15 мың, Қостанайда 15 мың, Талдықорғанда 16 мың, Қызылордада 16 мың, Павлодарда 25 мың теңге болып тұр.

Қорытынды: ең арзаны — 14 мың теңге, қымбаты — 30 мың теңге, орташа бағасы — 20,6 мың теңге.

Музыкалық аспаптар үйірмесі — ең қымбат бағыт

Таңдалған үйірмелер ішінде ең қымбаты — музыкалық аспапты үйретуге арналған бағыт. Айына орта есеппен 28,9 мың теңге керек.

Ақтөбе қаласында 10 мың теңгеден басталса, Астанада 45 мың теңгеге дейін жетті. Алматы мен Өскеменде бір айлық сабаққа 40 мың теңге төлейді. Қонаевта да 40 мың теңге болса, Атырау, Қарағанды, Жезқазған мен Семейде баға — 35 мың теңге. Ақтау, Түркістан және басқа да қалаларда үйірме бағасы 15 мың теңге болып тұр.

Қорытынды: ең арзаны — 10 мың теңге, ең қымбаты — 45 мың теңге, орташа баға — 28,9 мың теңге.

Сурет: inform.kz

Бейнелеу өнері: 8-30 мың теңге аралығында

Қазақстандықтар баланы сурет салу өнеріне баулу үшін айына орта есеппен 19,4 мың теңге төлейді. Ақтөбе қаласында ең арзаны 8 мың теңге болса, қымбат қалалар тізіміндегі Астана мен Алматыда 30 мың теңгеге жетті.

Талдықорған мен Түркістанда үйірме бағасы 16 мың және 10 мың теңге. Шымкент пен Таразда — 15 мың теңге, Қызылордада — 15 мың теңге, Өскеменде — 20 мың теңге.

Қорытынды: ең арзаны — 8 мың теңге, қымбаты — 30 мың, орташасы — 19,4 мың теңге.

Үйірме бағасы қайда қымбат

Төрт үйірменің бағасына талдау жүргізсек, біреуіне жазылу құны айына орта есеппен 23 500 теңгеге шығады. Бір балаға жұмсалатын қаржының орташа көрсеткіші өңірлерге қарай өзгеріп отырады. Астанада төрт үйірме құны айына 140 мың теңгеге шықса, Алматыда 130 мың теңге, Өскеменде 132 мың теңге.

Ең арзаны Ақтөбе қаласында — орта есеппен 46 мың теңге. Төрт бағыт Түркістанда 55 мың теңге, Талдықорғанда 64 мың теңге. Қарағандыда төрт үйірме құны 100 мың теңге, Шымкентте 95 мың, Таразда 105 мың, Қонаевта 110 мың теңге.

Демек, Қазақстанда баға үйірмеге байланысты ғана емес, өңірге қарай да өзгеріп отырады. Үйірменің кейбір түрінде облыстар арасындағы айырмашылық 35 мың теңгеге жетті. Бірнеше баласы бар отбасына бұл едәуір салмақ.

Бұған дейін Қазақстанның қай өңірінде баланы мектепке дайындау арзанға түсетіні туралы ақпарат жарияланған болатын.