Азия ойындары-2026: Спортшылар комиссиясына үміткерлер бекітілді
Азия Олимпиадалық кеңесі (АОК) 2026 жылы Аичи-Нагояда өтетін XX жазғы Азия ойындары аясында Спортшылар комиссиясына сайланатын үміткерлер тізімін бекітті. Бұл туралы Aikyn.kz хабарлайды.
Комиссияға төрт жаңа мүше сайланады: Орталық, Шығыс және Батыс Азиядан бір-бір өкіл, сондай-ақ Оңтүстік-Шығыс Азиядан бір әйел спортшы. Орталық Азия аймағынан жалғыз орынға үш үміткер бар: Әмір Маймұратов (Қазақстан, спорттық құзға өрмелеу), Ариан Салими (Иран, таеквондо) және Джасурбек Жайсынов (Өзбекстан, таеквондо).
Әмір Маймұратов 2024 жылы Парижде өткен Олимпиада ойындарына қатысқан. «Жылдамдық» сайысында қазақстандық спортшы бесінші орынды иеленді. Оның қоржынында Әлем кубогы кезеңдері мен Азия чемпионатында жеңіп алған жүлделер бар.
АОК талаптарына сәйкес, барлық кандидаттар қазіргі уақытта спортпен белсенді айналысатын спортшылар немесе соңғы екі жазғы не қысқы Азия ойындарының қатысушылары болуы тиіс. Олар өкілдік ететін спорт түрі жазғы Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізілген болуы қажет. Сондай-ақ үміткерлер Комиссия жұмысын атқару үшін ағылшын тілін еркін меңгеруі керек.
ҚР ҰОК мәліметінше, дауыс беру 2026 жылғы Азия ойындары кезінде, 20 қыркүйек пен 2 қазан аралығында өтеді. Ойындардың әрбір қатысушысы өз өңіріндегі кандидаттардың біріне бір рет дауыс бере алады. Дауыс беру аяқталған соң АОК Спортшылар комиссиясының төрт жаңа мүшесі жарияланады.
АОК Спортшылар комиссиясы спортшылардың мүддесін ұйым құрылымдарында қорғап, олардың шешім қабылдау үдерісіне қатысуына мүмкіндік береді. Комиссия мүшелері спортшылар мен АОК басшылығы арасындағы байланысты қамтамасыз етіп, жарыстарды ұйымдастыру, допингке қарсы саясат, медициналық қызмет көрсету және логистика мәселелері бойынша спортшылардың ұстанымын білдіреді. Комиссияның аймақтық қағидат бойынша жасақталуы Азияның бес өңіріндегі спортшылардың мүддесін ескеруге мүмкіндік береді.




