Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
21 қазан 2026, сәрсенбі USD 450,7 EUR 505,0 RUB 5,45 CNY 67,5 Астана +6° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Ауыл шаруашылығы өнімінің құны 9,8 триллион теңгеге жетті

2025 жылы Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімінің құны 9,8 трлн теңгеге жетті. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 88,5 пайызға жуық номиналды өсім.

Ауыл шаруашылығы өнімінің құны 9,8 триллион теңгеге жетті
Сурет: aikyn.kz

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы құны 9,8 триллион теңгені құрады. Бұл 2019 жылғы 5,2 триллион теңгемен салыстырғанда 88,5 пайызға жуық номиналды өсімді көрсетеді.

Мемлекет басшысы әр Жолдауында аграрлық сектордың әлеуетін толық пайдалану, суармалы жер көлемін ұлғайту, отандық өнім экспортын қолдау және шикізатты терең өңдеу мәселелеріне назар аударған. Осы тапсырмалар кейіннен аграрлық саясаттың негізгі бағыттарын айқындады.

2019-2025 жылдар аралығында өсімдік шаруашылығы өндірістің қозғаушы күшіне айналды: бұл бағыттағы өнім көлемі 2,8 триллион теңгеден 5,9 триллион теңгеге дейін өсті. Мал шаруашылығы да 2,3 триллион теңгеден 3,8 триллион теңгеге дейін ұлғайды.

Алайда ақшалай көрсеткішке атүсті қарауға болмайды. Номиналды өсімге өнім бағасының құбылуы, инфляция, өндірістік ресурстардың қымбаттауы және басқа да факторлар әсер етеді. Сондықтан саланың нақты жағдайын шынайы өндіріс индексімен бірге бағалау қажет. Былтыр ауыл шаруашылығының нақты көлем индексі 105,9 пайызды құрады: өсімдік шаруашылығында 7,8 пайыз, мал шаруашылығында 3,3 пайыз өсім тіркелді.

Жеңілдетілген қаржыландыру көлемі де ұлғайды. 2023 жылы көктемгі егіс пен орақ науқанына шамамен 140 миллиард теңге бөлінсе, 2024-2025 жылдары бұл сома 500-650 миллиард теңгеге дейін еселенді. Мұндай қолдау диқандарға сапалы тұқым, жанар-жағармай сияқты қажетті ресурстарды уақытылы алуға мүмкіндік береді.

Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту да өндірістік әлеуетті арттыруда маңызды рөл атқарады. Ресми деректер бойынша, техника паркінің жыл сайынғы жаңару қарқыны 2019 жылғы 3,5 пайыздан 2024-2025 жылдары 6,5 пайызға дейін өсті. Оңайлатылған лизингтің арқасында трактор мен комбайн саны көбейіп, науқанды дер кезінде аяқтауға, еңбек өнімділігін арттыруға және ысырапты азайтуға жол ашылды.

Су үнемдеу технологияларын дамыту және топырақ құнарын жақсарту да кезек күттірмейтін міндет. Елімізде тамшылатып және жаңбырлатып суарылатын алқаптар аумағы 2019 жылғы 180 мың гектардан 2025 жылы 350-400 мың гектарға дейін кеңейді. Минералды тыңайтқыштарды қолдану көлемі 400 мың тоннадан 1,2-1,5 миллион тоннаға дейін ұлғайды. Бұл көрсеткіштер аграрлық саладағы өндірістік жаңғырудың ауқымын айқын көрсетеді.

Саланы дамытудың маңызды нәтижелерінің бірі – еңбек өнімділігінің артуы. 2019–2026 жылдар аралығында еңбек өнімділігі 2,5 есе өсіп, бір жұмыспен қамтылған адамға шаққанда 2,5 млн теңгеден 6,2 млн теңгеге дейін жетті. Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің орташа айлық жалақысы 2,8 есе өсіп, 115,4 мың теңгеден 320,8 мың теңгеге дейін артты. Осы кезеңде ауыл шаруашылығына салынған негізгі капиталға инвестициялар көлемі 2,4 есе ұлғайып, 495 млрд теңгеден 1,2 трлн теңгеге дейін жетті. Ендігі басты міндет – салынған қаражаттың тиімділігін арттыру, шаруашылықтарды техникалық қайта жарақтандыруды жеделдету, озық технологияларды енгізу және жер мен су ресурстарын ұтымды пайдалану.

Аграрлық сектордың басты міндеті – ішкі нарықты отандық азық-түлікпен қамтамасыз ету, сырттан әкелінетін тауарға тәуелділікті азайту. Қазақстан өз-өзін толық немесе жоғары деңгейде қамтамасыз ететін өнімдер тобы бойынша ішкі сұранысты отандық өндіріс есебінен жауып отыр. Экспорттық әлеует те нық сақталып отыр. Мәселен, бидай мен нан өнімдерімен өз-өзін қамтамасыз ету деңгейі 100 пайыздан асады. Ішкі сұраныс жылына 6-7 млн тонна болса, өндіріс көлемі 2024-2025 жылдары 16-20 млн тоннаға жетіп, бұл қажеттілік 2-3 есе артық орындалды. Осының арқасында экспорт мөлшері жыл сайын 7-9 млн тонна шамасында сақталып, ұн экспорты жағынан әлемдегі үздіктер қатарынан қалмай келеміз.

Сиыр, қой, жылқы еті жөнінен отандық өндіріс ішкі тұтынудың 95-98 пайызын жауып, 2019 жылмен салыстырғанда бұл сектордағы импорт үлесі біршама төмендеді. Жұмыртқа бағытында өз-өзін қамту көрсеткіші 98-100 пайыз, картопта 100-105 пайыз болды.

Қысқасы, 2019-2025 жылдардағы нәтижелер агроөнеркәсіп кешенінде өндірістік әлеуетіміз артқанын айғақтайды. Келесі меже – осы жетістіктерді тұрақты өнімділікпен, терең өңдеу саласын дамытумен және азық-түлік қауіпсіздігімен ұштастыру.