Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
9 қазан 2026, жұма USD 448,9 EUR 502,1 RUB 5,26 CNY 67,0 Астана +5° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Ауруханаға түскенде жақындарыңызға SMS хабарлама жіберетін жаңа қызмет іске қосылды

eGov порталында ауруханаға түскен жағдайда жақындарына SMS хабарлама жіберетін жаңа қызмет іске қосылды. Үш сенім білдірілген адамға дейін тіркеуге болады.

Ауруханаға түскенде жақындарыңызға SMS хабарлама жіберетін жаңа қызмет іске қосылды
Сурет: aikyn.kz

Енді адам шұғыл түрде ауруханаға түскен жағдайда, оның жақындары бұл туралы автоматты түрде SMS арқылы хабарлама алады. Бұл мүмкіндік eGov порталында іске қосылған жаңа сервис арқылы жүзеге асырылады.

Жаңа қызмет адам жол апатына түсіп, кенеттен ауырып қалған немесе өзге де себептермен ауруханаға жатқызылған кезде, оның алдын ала таңдалған жақын адамына хабарлама жіберуді қамтамасыз етеді. Бұл әсіресе адам өздігінен хабарласа алмайтын жағдайларда өте ыңғайлы.

«Емдеуге жатқызылған жағдайда хабарлау үшін сенім білдірілген байланыстарды тіркеу» қызметі арқылы азаматтар шұғыл жағдайда хабарлама жіберілетін үш сенім білдірілген адамға дейін белгілей алады. Сенім білдірілген тұлға 18 жастан асқан және Мобильдік азаматтар базасында тіркелген болуы шарт.

Бұл жоба Денсаулық сақтау министрлігі мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің бірлескен жұмысы аясында жүзеге асырылды. Сервисті eGov.kz порталы арқылы қосуға болады: порталда авторизациядан өтіп, қызметті таңдап, сенім білдірілген адамның ЖСН-ын енгізу қажет.

Пайдаланушы дербес деректерді өңдеуге келісім берген соң, көрсетілген адамға SMS-хабарлама келеді. Растау үшін жауап ретінде 911 кодын, ал бас тарту үшін 912 кодын жіберу қажет. Шешім қабылдауға 5 сағатқа дейін уақыт беріледі.

Сенім білдірілген байланыс тіркеуді растағаннан кейін мәліметтер Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесіне жіберіледі. Өтінішті өңдеу 10 минутқа дейін уақыт алады. Тіркеудің мәртебесін eGov.kz-тегі «Жеке кабинетте» немесе eGov Mobile-дағы «Хабарламалар – Жеке кабинет тарихы» бөлімінен көруге болады.