Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
9 қазан 2026, жұма USD 448,9 EUR 502,1 RUB 5,26 CNY 67,0 Астана +6° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Астаналық шабандоздар көшпенділер ойындарына іріктеуден сәтті өтті

Астаналық шабандоздар 9 шақырымдық жарыста бірінші және екінші орындарды иеленіп, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына іріктеуден сәтті өтті.

Астаналық шабандоздар көшпенділер ойындарына іріктеуден сәтті өтті
Сурет: aikyn.kz

Астана әкімдігінің мәліметінше, елордалық шабандоздар жарыста жүлделі орындарға ие болып, жоғары нәтиже көрсетті. Бәйгеге қатысушылар 9 шақырым қашықтықты бағындырды.

Астана командасының өкілдері жарыста бірінші және екінші орындарды иеленді. Бірінші орынды Экспресс Лок атты жорға иеленсе, екінші орынды Қаратал жеңіп алды.

Жарыста команда сапына жақында ғана қосылған 13 жастағы қыз-жокейдің өнері көпшіліктің назарын аударды. Жас ерекшелігіне қарамастан, алғашқы жарыстарының бірінде-ақ ол жақсы нәтиже көрсетіп, күміс жүлдеге қол жеткізді.

Жаттықтырушы әрі чемпион Әлия Тоқтасынованың айтуынша, бұл жарыстың маңызы ерекше. Себебі ол алда өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына іріктеу кезеңі болған.

«Бұл біз үшін өте маңызды жарыс болды. 9 шақырым қашықтықта бақ сынап, бірінші және екінші орындарды иелендік. Әсіресе, 13 жастағы жокейіміздің нәтижесіне қуаныштымыз. Ол командаға жақында ғана қосылды, соған қарамастан жақсы нәтиже көрсетті. Жүлделі орындардың арқасында Көшпенділер ойындарына іріктеуден сәтті өттік. Ендігі басты міндетіміз – жақсы дайындалып, алдағы жарыста Астана мен Қазақстанның намысын лайықты қорғау», – деді Әлия Тоқтасынова.

Команданың келесі жарысы 29 тамызда Алматыдағы Nomad Arena ипподромында өтеді. Спортшылар бұл жолы жорға жарыстан 5 шақырым қашықтықта сынға түседі.

Алматыдағы жарыстан кейін команда Қырғызстанға аттанып, 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысады. Онда елордалық шабандоздар 11 шақырымдық қашықтықта өнер көрсетеді.