Астанада Жамбыл облысының креативті индустрия жәрмеңкесі өтіп жатыр
Астанада Жамбыл облысының креативті индустрия өкілдерінің қатысуымен «Асқақ рухты Әулиеата» жәрмеңкесі өтіп жатыр.
Астанада «Асқақ рухты Әулиеата» атты жәрмеңке ұйымдастырылды. Бұл шараға Жамбыл облысының креативті индустрия өкілдері қатысуда.
Іс-шара республикалық Creative Aimaq жобасы аясында өтіп, онда өңірдің қолөнершілері, шығармашылық мамандары мен креативті индустриядағы жобалар таныстырылды.
Жәрмеңкеде ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдары, зергерлік әшекейлер, ағаш, былғары және киізден жасалған өнімдер, ұлттық киімдер мен кәдесыйлар көрсетілді. Сонымен қатар авторлық брендтер, кітаптар, суретшілердің туындылары және заманауи IT-жобалар да ұсынылды.
Креативті индустрия мен технологияларды ұштастырған жобалар да бар. Олардың ішінде жасанды интеллект, цифрлық білім беру және тарихи-мәдени мұраны интерактивті форматта таныстыру бағытындағы жобалар ерекшеленеді.
Алғашқы күні жәрмеңкеге 3,5 мың адам келді. Жамбылдық креаторлар жалпы құны 8,6 млн теңгенің өнімін сатты.
«Асқақ рухты Әулиеата» жәрмеңкесі 6 қыркүйекке дейін жалғасады. Елорда тұрғындары мен қонақтары Жамбыл облысының шығармашылық әлеуеті мен ұлттық өнерімен таныса алады.




