Астанада түнгі клуб маңында қызды ұрып-соққан топқа қатысты тергеу басталды
Астана полициясы түнгі клуб маңында қызды ұрып-соғу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу бастағанын хабарлады.
Астана полициясы қаладағы түнгі клубтардың бірінің жанында қызды аяусыз ұрып-соғу дерегі бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Бұл туралы Aikyn.kz хабарлады.
Құқық қорғау органдарына Threads әлеуметтік желісінде welobeee деген атпен тіркелген астаналық қыздың жазбасы негіз болған. Оның айтуынша, оқиға 15 тамызда клубта болған. Жәбірленуші келушілердің бірін байқамай қағып кетіп, кешірім сұраған, алайда ер адамның қасындағы қыздар оған агрессия танытып, тіл тигізген. Кейін ер адам да сөзге араласқан. Қауіпсіздік қызметкерлері араласқанымен, жанжал мұнымен тоқтамаған. Клуб жабылатын таңғы сағат алты шамасында әлгі топ қызды сыртта күтіп тұрған.
«Топ болып шабуылдап, ұрып-соғып, видеоны Telegram-ға таратқан: осы «батылдықтың» кейіпкерлерін іздеп жатырмын. Мекеменің камераларынан мені жерге құлатып, тепкілеп, шашымнан сүйрегені анық көрінеді. Салдарынан дене бойым көгеріп, миым шайқалды. Осы жанжалда күзет қызметкерлері оларды менен күштеп ажыратып алды. Бірақ бұл жанжалды, әрі мені соққыға алып жатқанын «ер адам» видеоға түсірген. Видеода оның құрбылары жерде жатқан мені ұрып-соғып жатқаны анық көрінеді. Содан кейін ол видеоны мақтанышпен Telegram-дағы арналар мен пабликтерге тарата бастаған», – деп жазды жәбірленуші 1 қыркүйекте әлеуметтік желіде.
Қыздың айтуынша, шабуыл жасағандар онымен байланысқа шығып, полицияға жазған арызын қайтарып алуға көндіруге тырысқан. Олар іс бойынша ешқандай шара қолданылмайтынын айтқан.
Астана қаласы Полиция департаменті дене жарақатын салу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. «Қазір қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп, сараптама тағайындалды. Бұл құқық бұзушылықты жасауға қатысы бар барлық адамды анықтау бойынша шаралар қабылданып жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді», – деп хабарлады Астана полиция департаментінің баспасөз қызметі.




