Астанада «Таза Қазақстан» айлығы аяқталды: 400 мыңға жуық тұрғын қатысты
Елордада 12 қыркүйек пен 10 қазан аралығында өткен «Таза Қазақстан» күзгі экологиялық айлығы мәресіне жетті. Бұл шараға 400 мыңға жуық қала тұрғыны, сондай-ақ 15 мың кәсіпорын мен ұйым жұмылдырылды.

Айлық барысында Астананың барлық ауданында 9 мыңға жуық аула аумағы ретке келтіріліп, 150 мың тоннадан астам қалдық шығарылды. Тазалау жұмыстарына 3 мыңға жуық арнайы техника тартылды.

Көгалдандыру да назардан тыс қалмады: күзгі ағаш отырғызу науқаны мен сенбіліктер кезінде қалада 13 мыңға жуық ағаш, 175,9 мың бұта мен гүл отырғызылды.

2026 жылдың басынан бері Астанада барлығы 932,3 мың жасыл желек отырғызылған. Оның ішінде 21 мың ағаш, сәнді және гүлдейтін 503,4 мың бұта, жанды қоршауға арналған 28 мың өсімдік, 130,7 мың бұта және басқалары бар. Маусым аяқталғанша тағы 45 мың жасыл желек отырғызу жоспарланып отыр.

Тазалық және көгалдандыру жұмыстарына волонтерлер, мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, коммуналдық қызметтер мен өнеркәсіптік кәсіпорындардың қызметкерлері, банктер мен мәдениет мекемелерінің ұжымдары, ПИК және МИБ қатысты. Экологиялық акциялар аулаларда, саябақтарда, скверлерде және өзге де қоғамдық орындарда өтті.




