Астанада «Әділет» партиясының аграрлық кеңесі алғаш рет жиналды
«Әділет» партиясы Іскерлік кеңесінің агроөнеркәсіп кешені мәселелері жөніндегі салалық кеңесінің тұңғыш отырысы Астанада өтті. Ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты нақты шешімдер әзірлеу үшін бизнес өкілдері, салалық қауымдастықтар, Құрылтай депутаттары және орталық мемлекеттік органдардың өкілдері бір алаңға жиналды.
Кеңес жұмысын Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі, Аграрлық мәселелер, экология және табиғи ресурстар комитетінің мүшесі Әбілхайыр Тамабек төрағалық етті. Басты назар партияның 2026-2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасындағы басымдықтарға және Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған ауыл шаруашылығын дамыту міндеттеріне аударылды. Негізгі бағыттар: азық-түлік қауіпсіздігін нығайту, ауыл тұрғындарының табысын арттыру, қайта өңдеу ісі мен экспорттық әлеуетті дамыту.
Іс-шараны ашқан партия төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев атқарылып жатқан жұмыстың стратегиялық маңызына және мемлекеттік бастамалардың ықпалдастығын қамтамасыз ету қажеттігіне тоқталды.
«Біз партияның сайлауалды бағдарламасы аясында кәсіпкерлікті дамытуға уәде бердік. Оның ішіндегі ең маңыздылары – бір миллион ауыл тұрғынын тұрақты жұмыспен қамту және олардың табысын арттыру. Осы мақсаттарға жету үшін қолданыстағы қолдау шараларының мүмкіндігін кеңейту қажет. Атап айтқанда, ауылдық жерлерде өндірістік нысандар салу үшін «Іскер аймақ» бағдарламасының әлеуетін пайдаланып, қаржыландыру шегін 80 миллион теңгеге дейін ұлғайту мүмкіндігін қарастыру керек», – деді Эльдар Жұмағазиев.
Ол Іскерлік кеңес аясында 13 салалық кеңес құрылғанын еске салды. Олардың құрамына негізгі қауымдастықтар тұрақты негізде енгізіледі, ал бизнес өкілдері нақты мәселелерді талқылау үшін шақырылады. Өңірлерде бұл жұмыс партия филиалдары жанындағы іскерлік кеңестер арқылы жалғасады. Олар кәсіпкерлердің мәселелерін жинақтап, зерделеп, жергілікті жерлерде тиісті шешімдер әзірлейді.
Құрылтай депутаты Әбілхайыр Тамабек кооперацияға мемлекеттік қолдау көрсету тәсілдерін түбегейлі қайта қарау қажеттігіне баса назар аударды.
«Біз еңбек етуге шынайы бейімі бар азаматтарға жағдай жасауымыз керек. Егер кооперативтерді қаржыландыру нормативін 100-120 миллион теңгеге дейін көтерсек, мұндай кооператив өз айналасына өзге де ауыл тұрғындарын топтастыра алады. Мысалы, бал өндіретін кәсіпорын шағын омарташыларды біріктіреді. Ауылдық жерлерді қолдауға арналған партия бағдарламасының қағидаларын дәл осы мақсатқа бейімдеуіміз қажет. Егер ауыл тұрғындарын жеңілдіктер мен дұрыс салық режимі арқылы ынталандырмасақ, ешкімнің жұмыс істеуге құлқы болмайды», – деп түйіндеді депутат.
Пікірталас барысында екі негізгі бағыт қаралды: ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту және астық нарығындағы түйткілдер. Аграрлық сектор өкілдері жайылымға қолжеткізу мүмкіндігі шектеулі екенін және қосарланған салық мәселесін көтерді. Өңірлік даму жөніндегі жобалық кеңсе жетекшісі Ануар Керембаев субсидияларға әділ қолжеткізуді қамтамасыз ету үшін кооперативтердің мөлшері мен ауқымын заңнамада нақты белгілеу қажет екенін атап өтті. Ал «AQ MOL» кооперативінің төрағасы Азамат Әбдікәрімов жер учаскелерін алу кезінде кездесетін бюрократиялық кедергілерге қатысты нақты мысалдар келтірді. «Батыс сүт» кооперативінің өкілі Ольга Зиновьева салықтық кедергілерге назар аударды. Оның айтуынша, қарапайым ауыл тұрғындарынан сатып алынған сүт көлемін растайтын ішкі есеп-қисап құжаттары салықтық шегерім жасауға жарамайды. Соның салдарынан кәсіпорынның тұтас жалпы өніміне салық салынады.
Аграршылардың сұрағына жауап берген Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов әзірленіп жатқан заңнамалық өзгерістер мен реттеу шаралары туралы хабарлады.
«Ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы Заңға өзгерістер енгізуге қатысты заң жобасындағы ұсыныстардың бірі – тірек кооперациясының рөлін заң арқылы күшейту. Кооператив мүшелерінің мүліктік құқығын нығайту, басқару жүйесін жетілдіру, сондай-ақ пайданы және алынған субсидияларды бөлу бойынша шешім қабылдау тәртібін оңтайландыру ұсынылып отыр. Астық экспорты кезіндегі көлік шығынына келсек, бүгінде жаңа ережелер қабылданып жатыр. Бұл шығынды қаржыландыру мәселесіне Бюджет комиссиясының қолдау білдірді», – деп түсіндірді Азат Сұлтанов.
Екінші бағыт биыл астық саласында туындаған сын-қатерлерге арналды. Қазақстанның астық одағы төрағасы Нұрлан Оспанов өңірлердегі құрғақшылықтан зардап шеккен шаруалардың қаржылық жағдайына алаңдауда. Бұл аймақтарда өнім екі есе төмендегенімен, өзіндік құн айтарлықтай өсті. Шаруашылықтарды қиын жағдайдан алып шығу үшін одақ күнбағыс тұқымына салынатын экспорттық баж салығын уақытша нөлге дейін төмендетуді және көлік субсидиялары бойынша берешекті қайтаруды жеделдетуді ұсынды. Бұл ұстанымды Әбілхайыр Тамабек те қолдап, қиын кезеңде мемлекет аз ғана қайта өңдеушілердің рекордтық көрсеткіштеріне ғана жұмыс істемей, шаруалар жағында болуға тиіс екенін атап өтті.
Отырыс қорытындысы бойынша маңызды шешім қабылданды. Оған сәйкес, жаңадан құрылған салалық кеңес аталған саладағы мәселелерді жедел шешуге арналған тұрақты жұмыс алаңына айналады. «Әділет» партиясы бизнес өкілдері мен қауымдастықтар ұсынған барлық бастаманы жинақтайды. Мұндағы мақсат – кейін Құрылтай алаңында салалық заңнамаға, Салық кодексіне және мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру ережелеріне тиісті түзетулер енгізу.




