Астана-1 командасы U12 кубогында топ жарды
Астанада өткен U12 кубогында Астана-1 командасы ұлдар, қыздар және жалпыкомандалық есепте жеңімпаз атанды. Астана-2 күміс, Алматы-1 қола жүлдегер болды.
Астанада 12 жасқа дейінгі теннисшілер арасындағы Қазақстан кубогы мәресіне жетті. Командалық жарыс Beeline Arena Ұлттық теннис орталығының корттарында өтті, оған еліміздің өңірлік құрамалары қатысты.
Ұлдар арасындағы додада Астана-1 алтын медальға ие болды. Екінші орынды Астана-2 командасы алса, Алматы-1 қола жүлдегер атанды. Қыздар арасында да жүлделі орындар дәл осылай бөлінді: Астана-1 жеңімпаз, Астана-2 күміс, Алматы-1 үшінші орынға тұрақтады.
Ұлдар мен қыздар командаларының нәтижелері бойынша жалпыкомандалық есеп қорытындыланды. Қазақстан кубогының бас жүлдесін Астана-1 жеңіп алды, екінші орынға Астана-2 жайғасты, үздік үштікті Алматы-1 түйіндеді.
Қазақстан U12 кубогы командалық форматта өткізіледі және осы жас санатындағы теннисшілер үшін маңызды ұлттық жарыстардың бірі саналады. Турнир жас спортшыларға өз өңірінің намысын қорғап, жарыс тәжірибесін жинауға және елдің үздік командаларын анықтауға мүмкіндік береді.




