Ақтөбеде жаңа үйлердің қабырғалары ажырап, тұрғындар дабыл қақты
Ақтөбедегі Есет батыр тұрғын алабында 2024 жылы пайдалануға берілген үш тоғыз қабатты үйдің қабырғаларында ірі жарықтар пайда болып, тұрғындар қауіпсіз жерге уақытша көшіруді талап етіп отыр.
Мәселе №3 шағын ауданындағы №39, 40 және 41 үйлерге қатысты. Үшеуі де панельді, оларды «Ақтөбе-Сәулет» ЖШС салған. Ғимараттар былтыр ғана пайдалануға берілген.
Бұл үйлерде 200-ден астам отбасы тұрады. Пәтерлер жетім балаларға, көпбалалы отбасыларға және мүгедектігі бар азаматтарға берілген.
Тұрғындардың айтуынша, алғашында қабырғаларда ұсақ жарықтар болған, кейін панельдер ажырай бастаған. Қазір кей жерлерде саңылауға қол еркін сыйып, кейбір пәтерлерде көрші пәтердің іші көрінеді. Бөлмелерге жел кіреді, түнде қабырғалардан шытырлаған дыбыс естіледі.
№40 үйдің тұрғыны Гүлбаршын Аманғалиева пәтеріндегі ас үй қабырғасы үш жерден жарылғанын, зал мен жатын бөлмеде де ақау бар екенін айтады. Ол жарықтардың үлкейіп бара жатқанына алаңдайды.
№39 үйдің тұрғыны Айгүл Қаженова мұнда мүмкіндігі шектеулі адамдар, қарттар мен балалар тұратынын ескертіп, қауіпсіздікке кепілдік беруді талап етті. Кейбір отбасылар туыстарына көшіп кеткен, бірақ ондай мүмкіндігі жоқтар да бар.
Ақтөбе облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы үш үйді тексеріп, №39, 40 және 41 үйлердің 7, 8 және 9-қабаттарында жарықтар анықтаған. Басқарма басшысының орынбасары Әділбек Таңкиевтің сөзінше, арнайы тексеру қажет, содан кейін ғана нақты жауап беруге болады.
Ақтөбе қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Бауыржан Жантөрин тоғызыншы және техникалық қабаттарда панельдердің ажырағанын растап, сарапшылар шақырылғанын айтты. Мамандардың қорытындысынан кейін ақауларды жою жөнінде жобалық шешім қабылданады. Әкімдік өкілі қазір үйлердің құлау қаупі жоқ екенін, техникалық зерттеу мен сараптамаға шамамен он күн кететінін мәлімдеді.
Тұрғындарды уақытша көшіру әзірге жоспарланбаған. Ал тұрғындар жөндеумен шектелмей, ғимараттардың қауіпсіздігіне қатысты нақты техникалық қорытынды берілгенін қалайды. Үш үйдің құрылысына жалпы 2,6 миллиард теңге жұмсалған, бұл әр үйге шамамен 870 миллион теңгеден келеді.




