Ақтөбеде донердің ішіне тығылған ұялы телефон анықталды
Ақтөбедегі №8 мекемеде донердің ішінен ұялы телефон табылып, тыйым салынған заттарды алып кіруге жасалған екі әрекеттің жолы кесілді.
Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №8 мекемесінде тыйым салынған заттарды алып кіруге жасалған екі әрекеттің жолы кесілді. Бұл — Ұлттық ұлан әскери қызметшілері мен мекеме қызметкерлерінің қырағылығының арқасында мүмкін болды.
2026 жылғы 10 тамызда «Тосқауыл» режимдік-профилактикалық іс-шарасы аясында ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 6655 әскери бөлімінің әскери қызметшілері мекеменің режим және жедел бөлімдерінің қызметкерлерімен бірлесіп, тексеру шараларын жүргізді.

Сағат 15:50 шамасында «Строй-Проф» ЖШС жүргізушісі С.Т. азаматының шалбарының қалтасынан 20 000 теңге көлеміндегі ақша қаражаты табылып, тәркіленді. Ақша екі банкноттан тұрған, әрқайсысының номиналы 10 000 теңге.
Кейін сағат 16:30 шамасында А.С. азаматы жеткізген сәлемдеме тексерілді. Азық-түлік өнімдерінің арасындағы донердің ішінен сотталған адамға беруге арналған ұялы телефон анықталып, тәркіленді.

Аталған факті бойынша А.С. азаматына қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік материал толтырылып, процессуалдық шешім қабылдау үшін әкімшілік сотқа жолданды.
Мекеме басшылығы азаматтарды ҚАЖ мекемелеріне бару кезінде белгіленген талаптарды қатаң сақтауға шақырады және сотталған адамдарға тыйым салынған заттарды беру әрекеттері заңға сәйкес жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.




