Ақтөбеде 43 млрд теңгеге жаңа кәріз тазарту кешені салынады
Ақтөбеде 43 млрд теңгеге жаңа кәріз тазарту кешені салынады. Құрылыс 2028 жылы аяқталады, станция тәулігіне 130 мың текше метр су өңдей алады.
Ақтөбеде қазіргі кәріз тазарту қондырғысының орнына жаңа кешеннің құрылысы басталды. Ескі станция 1981 жылдан бері жұмыс істеп келеді, оның тозу деңгейі шамамен 70 пайызды құрайды.
Қазіргі таңда қала тұрғындарының 62 пайызы ғана орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылған. Тәулігіне келіп түсетін ағынды судың орташа көлемі 70–80 мың текше метр болса, су тасқыны кезінде 95 мың текше метрге жетеді.

Жаңа кешен тәулігіне 100 мың текше метр ағынды суды тазарта алады, ал ең жоғары жүктеме кезінде өнімділігі 130 мың текше метрге дейін артады. Құрылысты 2028 жылдың мамырында аяқтау жоспарланған. Жобаның жалпы құны шамамен 43 млрд теңгені құрайды.
«Aqtobe su-energy group» АҚ бас директоры Нағымжан Алдияровтың айтуынша, жаңа станция төрт деңгейлі тазарту жүйесімен жабдықталады. Бұл механикалық және биологиялық тазарту, ультракүлгін сәулемен залалсыздандыру, сондай-ақ биогаз өндіру арқылы тұнбаны өңдеуді қамтиды. Тұнбаны кептіріп, түйіршіктерге айналдыру, ал биогазды электр энергиясын өндіруге пайдалану жоспарланған.

Жобаны қаржыландыру Еуропалық қайта құру және даму банкінің несие қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Қарызды өтеу шығындарының 90 пайызына дейін республикалық бюджет, ал кемінде 10 пайызы жергілікті бюджеттен қамтамасыз етіледі. Яғни, қаржылық жүктеме тұрғындарға артылмайды.
Құрылыс алаңында мердігер ұйымның мамандары жұмыс істеп жатыр. Жұмыс ауқымы кеңейген сайын жұмысшылар санын 350 адамға дейін арттыру жоспарлануда. Жаңа кешен іске қосылғаннан кейін тазартылған суды балық шаруашылығына пайдалануға немесе экологиялық талаптар сақталған жағдайда су нысанына ағызуға болады.



