Ақтөбе облысы: 1122 шақырым жол, жеті вокзал және жаңа стадион
ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен барып, көлік инфрақұрылымы, өнеркәсіп, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, цифрландыру салаларындағы жобаларды және әлеуметтік нысандар құрылысымен танысты.
ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен барып, көлік инфрақұрылымы, өнеркәсіп, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, цифрландыру салаларындағы жобаларды және әлеуметтік нысандар құрылысымен танысты.
Биыл Ақтөбе облысы арқылы өтетін республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 1122,5 шақырымында құрылыс және жөндеу жұмыстары қарқын алған. Оның 856 шақырымы қайта салынып, санаттары өзгермек, екі көпір күрделі жөндеуден өтуде.
Алғашқы нысан – республикалық маңызы бар «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» автомобиль жолы. Жалпы ұзындығы 262 шақырым, 7 мердігер 7 учаскеге бөліп салуда.
Жол жөндеушілер енді «Қызылорда – Сексеуіл», «Ұлғайсын – Сексеуіл» және «Бейнеу – Сексеуіл» автомобиль жолдарының құрылысына кіріседі.
«Мемлекет басшысы телекөпір арқылы үш ірі автожол жобасын бастауға рұқсат берді. Жолдарды 2029 жылға дейін сапалы етіп аяқтауды міндеттеді. Сондықтан жұмысты үйлесімді ұйымдастырып, туындайтын мәселелерді жедел шешу қажет.»
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған еліміздегі 124 теміржол вокзалын жаңғырту бағдарламасына Ақтөбе өңіріндегі 7 вокзал енген. Ақтөбе теміржол вокзалының құрылыс қарқынын бағамдау кезінде жауаптыларға сапа мен мерзімді қатаң сақтау, айналадағы аумақты кешенді түрде ретке келтіру тапсырылды.
Жұмыс сапарының екінші күнінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестиция тарту, өнеркәсіпті дамыту мәселелері талқыланған жиын өтті. Инвестициялық жобаларды уақтылы іске қосу, «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағына жаңа өндірістер тарту, ауыл шаруашылығын қаржыландыру және техникалық жаңғырту бойынша нақты міндеттер қойылды.
Сапар аясында «Ақтөбе ЖЭО» АҚ-ның алдағы жылу маусымына дайындығы да қаралды. Жоспар бойынша дайындық қыркүйекте аяқталады.
Ақтөбедегі «Қоныс» спорт сарайының жанынан жаңа демалыс саябағы салынуда. Аумағы 1,6 гектар, серуендеу және жүгіру жолақтары, балалар және спорт алаңдары, амфитеатр, демалыс аймақтары қарастырылған.
Сапар соңында Алтын Орда шағын ауданындағы экономикалық-іскерлік аумақта жүзеге асырылатын жобалар, музыкалық драма театр, 35 мың көрерменге арналған жаңа футбол стадионының құрылысы таныстырылды.
Дереккөз: PrimeMinister.kz




