Алматыдағы сауда орталығында кітап беру пункті ашылды
Алматыдағы «Adem» сауда орталығында кітап беру пункті ашылды. Жоба кітапқа қолжетімділікті арттырып, оқу мәдениетін дамытуды көздейді.
Алматының Жетісу ауданындағы «Adem» сауда орталығында қалалық кітапханалардың кітап беру пункті өз жұмысын бастады. Бұл жоба қала тұрғындары үшін кітапқа қолжетімділікті арттыруды, оқуға деген қызығушылықты оятуды және оқу мәдениетін дамытуды көздейді.
Ашылу салтанатына белгілі жазушы Нұрдәулет Ақыш, ақын Бақыт Беделхан, айтыскер ақын Серік Қали, ақын Мұратхан Шоқан, Жетісу ауданы әкімінің орынбасары Жанасыл Сабырұлы, мәдениет саласының өкілдері мен қала тұрғындары қатысты. Жаңа нысанды Жанасыл Сабырұлы мен Нұрдәулет Ақыш салтанатты түрде ашты. Қаламгерлер өз кітаптарын сыйға тартып, пункт қорын құнды туындылармен толықтырды.
Алматы кітапханаларының №14 филиалының меңгерушісі Зарина Айдосқызы бұл бастаманың маңыздылығын атап өтті. Оның пікірінше, мұндай кеңістіктер кітапхана қызметінің дәстүрлі форматтан шығып, қала тұрғындарының күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналуына мүмкіндік береді. «Жаңа кітап беру пунктінің ашылуы – қолжетімді кітапхана ортасын дамытудағы маңызды қадам. Мұндай кеңістіктер кітапхана қызметінің дәстүрлі формат аясынан шығып, қала тұрғындарының күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналуына мүмкіндік береді. Жаңа пункт кітап оқуға қызығушылықты арттыруға, оқу мәдениетін дамытуға және «Оқитын ұлт» қалыптастыруға ықпал етіп, тұрғындар жиі келетін орындардың біріне айналады деп сенемін», – деді ол.
Сауда орталығының кәсіпкерлері де бұл бастаманы оң бағалады. Кәсіпкер Залинаның айтуынша, мұндай пункт кітапты тұрғындардың күнделікті өмірінің бөлігіне айналдыруға мүмкіндік береді. «Біз үшін дәл осы сауда орталығында кітап беру пунктінің ашылуы жағымды жаңалық болды. Күнделікті тіршілікте кітапханаға арнайы барып, кітап алуға әрдайым мүмкіндік бола бермейді. Енді жұмыс орнынан алысқа бармай-ақ, бос уақытта осында келіп, қажетті кітапты алуға болады. Менің ойымша, бұл осында жұмыс істейтін кәсіпкерлер мен қызметкерлер үшін ғана емес, сауда орталығына келушілер үшін де жақсы мүмкіндік. Кітаптардың қолжетімді бола түсіп, осындай орындарда ұсынылғаны қуантады», – деді ол.
Қазіргі уақытта кітап беру пунктінің қорында 2 000-нан астам кітап бар. Алдағы уақытта қаланың басқа аудандарындағы сауда орталықтарында да осындай пункттер ашу жоспарлануда. Жаңа пункт сейсенбіден жексенбіге дейін сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді. Жетісу ауданының тұрғындары мен «Adem» сауда орталығына келушілер кез келген кітапты таңдап, жаңа туындылармен таныса алады.
Айта кетейік, бүгінде Алматыда барлығы 39 кітапхана жұмыс істейді. Оның 30-ы – қала кітапханасы, 7-еуі тәулік бойы жұмыс істейді. Сонымен қатар қаладағы адам көп жиналатын орындарда өзіне-өзі қызмет көрсететін 32 дербес кітапхана орналасқан.




