Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
16 қазан 2026, жұма USD 454,1 EUR 509,2 RUB 5,41 CNY 67,9 Астана +3° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Алматыда инклюзивті кітапханалар туралы халықаралық семинар өтті

Алматыда «Ақ таяқ» күніне орай «Шекарасыз кітапханалар» халықаралық семинары өтті. Инклюзивті кітапханалық орта мен тең қолжетімділік талқыланды.

Алматыда инклюзивті кітапханалар туралы халықаралық семинар өтті
Сурет: aikyn.kz

Алматы қаласында Халықаралық «Ақ таяқ» күніне арналған «Шекарасыз кітапханалар: халықаралық тәжірибе, үздік практикалар және инновациялар» атты халықаралық семинар ұйымдастырылды. Іс-шара «Қала ырғағында: Алматы – тең мүмкіндіктер аумағы» атты «Ақ таяқ» айлығы шеңберінде өтіп, инклюзивті кітапханалық ортаны дамытуға және ақпараттық-мәдени ресурстарға тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталды.

Сурет: aikyn.kz

Семинарға Қазақстанның Астана, Павлодар, Өскемен, Орал, Тараз және Шымкент қалаларынан, сондай-ақ Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Ресей Федерациясынан ұлттық, арнайы және көпшілік кітапханалардың, жоғары оқу орындары мен ғылыми кітапханалардың өкілдері онлайн және офлайн форматта қатысты.

Сурет: aikyn.kz

Жиында инклюзивті ақпараттық кеңістік қалыптастыру, көру қабілеті бұзылған азаматтарға қызмет көрсету сапасын арттыру, кітапхана ісіне цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін енгізу мәселелері талқыланды. Қатысушылар өз елдеріндегі озық тәжірибелермен бөлісіп, ақпараттық ресурстардың қолжетімділігін кеңейтуге арналған заманауи шешімдерді таныстырды. Кедергісіз кітапханалық орта қалыптастыру, қызмет көрсетудің инновациялық тәсілдерін енгізу және мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға ерекше назар аударылды.

Сурет: aikyn.kz

Сонымен қатар кітапханалардың жоғары оқу орындарымен ынтымақтастығын нығайту, инклюзивті қызмет көрсетуді жетілдіру және бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективалары қарастырылды. Қатысушылар заманауи кітапханалардың барлық санаттағы азаматтар үшін ашық әрі қолжетімді мәдени-білім беру кеңістігі ретіндегі маңызын атап өтті.

Сурет: aikyn.kz

«Бүгінде инклюзивті орта қалыптастыру және ақпаратқа тең қолжетімділікті қамтамасыз ету – қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Осы бағытта кітапхана мамандарының инклюзивті құзыреттіліктерін дамытуға ерекше көңіл бөлу қажет. Болашақ мамандар ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға сапалы қызмет көрсету үшін тиісті білім мен кәсіби дағдыларды меңгеруі тиіс. Сондықтан мамандарды даярлау, олардың біліктілігін арттыру және халықаралық тәжірибе алмасу аса маңызды. Бүгінгі семинар осы мәселелерді жан-жақты талқылауға және кәсіби тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді», – деді Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Ақпараттық технологиялар және кітапхана ісі кафедрасының аға оқытушысы, PhD Шынар Үсенбаева.

Алматыдағы халықаралық семинар Қазақстан, Орталық Азия елдері мен Ресей Федерациясының кітапхана мамандары арасындағы кәсіби тәжірибе алмасуға мүмкіндік беріп, кітапхана саласында инклюзия, цифрландыру және тең мүмкіндіктер қағидаттарын ілгерілетуге бағытталған маңызды алаңға айналды.

Айта кетейік, бүгінде Алматыда 32 қалалық кітапхана жұмыс істейді. Оның ішінде зағип және көзі нашар көретін оқырмандарға арналған Брайль бағдарламалары мен дыбыстық интерфейстермен жабдықталған 10 арнайы станция қарастырылған. Бұл мүмкіндіктер ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың білім мен ақпаратқа қолжетімділігін арттыруға бағытталған.