Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
16 қазан 2026, жұма USD 454,1 EUR 509,2 RUB 5,41 CNY 67,9 Астана -2° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Алматыдағы 2029 жылғы қысқы Азия ойындары: Астанада ҰОК пен АОК кездесуі өтті

Астанада Қазақстан ҰОК мен Азия Олимпиадалық кеңесі басшылығының кездесуі өтті.

Алматыдағы 2029 жылғы қысқы Азия ойындары: Астанада ҰОК пен АОК кездесуі өтті
Сурет: aikyn.kz

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті (ҰОК) мен Азия Олимпиадалық кеңесінің (АОК) басшылығы Астанада бас қосты. Жүздесу барысында 2029 жылы Алматыда өтетін X қысқы Азия ойындарына әзірлік барысы сөз болды.

Кездесуге ҰОК президенті Геннадий Головкин, АОК-нің 2029 жылғы қысқы Азия ойындарына жауапты вице-президенті Кудрәт Шамиев және Қазақстан ҰОК-нің бас хатшысы Әлімжан Ақаев қатысты. АОК делегациясының құрамында ұйымның бас директоры Хусейн Әл-Мусаллам мен Спорт департаменті басшысының орынбасары Хенрик Ожвар болды.

Тараптар алдағы ойындарға дайындықтың негізгі бағыттарын қарастырды. Атап айтқанда, спорттық бағдарлама, жарыстардың мерзімі, технология жағынан қамтамасыз ету, телетрансляция және маркетинг саласындағы ынтымақтастық мәселелері сөз болды.

Сондай-ақ үйлестіру жұмыстарына баса назар аударылды. Бұл ретте Кудрәт Шамиевтің Азия Олимпиадалық кеңесі, Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті және ойындарды Ұйымдастыру комитеті арасындағы өзара жұмысты үйлестірудегі рөлі атап өтілді. Бұдан бөлек, АОК-нің тиісті департаменттерімен байланысты дамыту, бірлескен жұмысты үйлестіру және ұйымдастыруға қатысты негізгі мәселелерді келісу жайы талқыланды.

АОК бас директоры Хусейн Әл-Мусаллам Қазақстанның қысқы спорт түрлерінен ірі халықаралық жарыстарды өткізу тәжірибесін жоғары бағалады. Ол 2011 жылғы қысқы Азия ойындары мен 2017 жылғы қысқы Универсиаданы мысалға келтіріп, осы жарыстардан жинақталған тәжірибе 2029 жылғы ойындарды жоғары деңгейде өткізуге септігін тигізетініне сенім білдірді.

ҚР ҰОК мәліметінше, кездесу соңында тараптар 2029 жылғы қысқы Азия ойындарына сапалы дайындықты қамтамасыз ету үшін өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін растады.