Алматы полициясының 50-ден астам қызметкері науқас балаға қан тапсырды
Алматы полициясының 50-ден астам қызметкері науқас балаға қан тапсырып, көмек көрсетті.
Алматы қаласы Полиция департаментінің Жылдам қимылдайтын арнайы жасағының 50-ден астам қызметкері науқас балаға көмек көрсету мақсатында қан тапсырды. Бұл әлеуметтік желіде тараған үндеуге жауап ретінде жасалды.
Жасақ командирі Азамат Исергужиннің айтуынша, қызметкерлер үндеуді көргеннен кейін бірден көмек көрсетуге ниет білдірген.
– Баланың өмірі мен денсаулығына қатысты мәселе тұрғанда, бейжай қалуға болмайды. Үндеуді көріп, көмектесуіміз керек деп шештік. Қызметкерлеріміздің әрқайсысы үшін бұл жай ғана қан тапсыру емес. Бұл кішкентай бала мен оның отбасына шын мәнінде маңызды көмек көрсетуге берілген мүмкіндік. Біздің қанымыз баланың осы қиын кезеңнен өтуіне сеп болып, тезірек сауығып кетуіне ықпал етеді деп үміттенеміз, – деді Азамат Исергужин.
Алматы қаласының Полиция департаменті қызметкерлері мұндай жағдайда азаматтарға қызметтік міндеттен тыс та қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.




