Алматы павильонына үш күнде 10 мыңнан астам қонақ келді
Алматы Малайзиядағы туристік көрмеге жеке павильонмен қатысып, үш күнде 10 мыңнан астам қонақ қабылдады. Павильон үздік мәдени бағдарлама үшін марапатталды.
Малайзиядағы ірі туристік көрмеге Алматы алғаш рет жеке павильонмен қатысып, үш күн ішінде оған 10 мыңнан астам тіркелген қонақ келді. Бұл туралы Aikyn.kz хабарлайды.
Келушілерге Қазақстанның мәдениеті мен дәстүрін таныстыратын арнайы бағдарлама ұсынылды. Көрме алаңында қазақ музыканттары мен бишілері өнер көрсетіп, қонақтар ұлттық тағамдардан дәм татып, дәстүрлі кәдесыйлармен танысты. Қорытынды бойынша Алматы павильоны үздік мәдени бағдарлама үшін марапатқа ие болды.
MATTA Fair аясында Almaty Tourism Day іс-шарасы өтті. Оған Малайзияның Туризм, өнер және мәдениет министрлігінің, Малайзия туристік және туроператорлық агенттіктер қауымдастығының, әуе компанияларының, сондай-ақ екі елдің туристік бизнес өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында Алматының Туризм басқармасы мен Малайзия туристік және туроператорлық агенттіктер қауымдастығы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Құжат туристік бағыттарды бірлесіп ілгерілетуге, ақпарат алмасуға және іскерлік байланысты нығайтуға бағытталған.
Сонымен қатар Қазақстан мен Малайзияның 50-ден астам туристік компаниясының өкілдері келіссөздер жүргізді. Кездесулерде Алматыны бірлесіп ілгерілету, жаңа туристік өнімдер әзірлеу және екі ел арасындағы туристер санын арттыру мәселелері талқыланды.
2025 жылы Алматыға Малайзиядан келген туристер саны 23%-ға артты. Көрмеге қатысу және қол жеткізілген келісімдер Алматыны Малайзияның туристік нарығында одан әрі ілгерілетуге жол ашады.




