Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
9 қазан 2026, жұма USD 448,9 EUR 502,1 RUB 5,26 CNY 67,0 Астана +6° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Алматы метросының үш желісі: құрылыс барысы мен жоспарлар

Алматы метросының үш желісінің құрылыс барысы: бірінші желіні ұзарту, екінші және үшінші желілерді жобалау және жер телімдерін дайындау туралы ақпарат.

Алматы метросының үш желісі: құрылыс барысы мен жоспарлар
Сурет: inform.kz

Алматыда кептеліс мәселесін шешу үшін метрополитеннің жаңа бағыттарын салу жоспарлануда. Қазіргі таңда қалада бір ғана желі жұмыс істейді, ол 2011 жылы ашылған. Бүгінде бірінші желіде 11 станция бар, ұзындығы 13 шақырымнан асады. Күн сайын метроны 100 мыңнан астам жолаушы пайдаланады, алайда ол қаланың барлық маңызды бағыттарын қамтымайды.

Сурет: inform.kz

Осыған байланысты қолданыстағы желіні тағы 4 бекетке ұзартып, қосымша екі жаңа желі салу жоспарланып отыр. Бірінші желінің жалғасы ретінде «Қалқаман» бекеті салынуда. Құрылыс 2022 жылы басталған, қазіргі уақытта 97 пайызы аяқталған. Жаңа станцияны іске қосу үшін 929 млн теңгеге лот жарияланған, өтінімдер 20-25 тамыз аралығында қабылданады.

Сурет: inform.kz

Алдағы үш жылда «Қалқаманнан» «Барлық» базарына дейін тағы үш станция салу жоспарлануда. Жобаның жалпы ұзындығы 5,3 шақырымды құрайды. Нәтижесінде бірінші желі 15 станцияны біріктіреді. Алматы әкімі Дархан Сатыбалды 2026 жылы «Қалқаман» бекетін пайдалануға беру жоспарланғанын, ал үш жыл ішінде бірінші желінің «Барлық» базарына дейін жеткізілетінін мәлімдеді.

Сурет: inform.kz

Екінші желі «Жібек жолы» бекетінен Алматы әуежайына дейін созылады. Бұл бағытта 14 шақырымды құрайтын 8 бекет салынады. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Енді жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары басталады, мердігер биыл анықталады.

Сурет: inform.kz

Үшінші желі «Сайран» бекетінен Алатау қаласына дейін жеткізіледі. Оның ұзындығы 21 шақырым болады, 12 станция салынады. Қазіргі уақытта техникалық-экономикалық негіздеме әзірленуде. Бұл жұмыстарға «Улмад» ЖШС мердігер болып тағайындалған, құжаттарды дайындауға 1,3 млрд және 890 млн теңге бөлінген.

Екінші желінің құрылысы үшін жер телімдерін дайындау жұмыстары басталған. Барлығы 130 жер учаскесі мемлекет мұқтажына алынуы тиіс, оның 58-і сатып алынған, 11-і сотта қаралуда, 38-і бойынша жұмыс жүргізілуде. Қалған учаскелер бойынша жалға алу құқығы тоқтатылған немесе әкімдіктің тұрақты пайдалануында.