Алматы мен Жетісу облыстарында тыйым салынған заттарды өткізу әрекеті тоқтатылды
Алматы және Жетісу облыстары бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №12 мекемесінде тыйым салынған заттарды өткізу әрекетінің жолы кесілді. Бұл туралы ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері мен мекеме қызметкерлерінің бірлескен іс-қимылы нәтижесінде белгілі болды.
Оқиға күндізгі сағат 12:30 шамасында орын алды. 3660 әскери бөлімінің қызметшілері «Газель» автокөлігін тексеру барысында көлік кабинасының жақтауына мұқият жасырылған заттарды анықтады.

Тексеру қорытындысы бойынша түрлі маркалы 10 ұялы телефон, 42 SIM-карта және төрт USB-флэш-диск тәркіленді. Бұл нәтиже тексеру тобының әскери қызметшілері мен мекеменің жедел және режимдік бөлімшелері қызметкерлерінің бірлескен жұмысының жемісі екені атап өтілді.
Аталған факт бойынша Алатау аудандық полиция басқармасының жедел-тергеу тобы шақырылды. Материалдар іс жүргізу шешімін қабылдау үшін сотқа жіберілетін болады.




