Алматы мектептері 6 күндік оқуға көшпейді
Алматы мектептері жаңа оқу жылында 5 күндік оқу жүйесімен жұмыс істейді. Қалада 6 күндік форматқа көшу жоспарланбаған.
Алматы қаласының білім басқармасы алдағы оқу жылында мектептердің 5 күндік оқу жүйесімен жұмыс істейтінін мәлімдеді. Бұл туралы басқарма басшысы Сәкен Аралбаев айтты.
Оқу-ағарту министрлігі бұған дейін мектептерге оқу аптасының ұзақтығын өз бетінше анықтауға рұқсат берген еді. Алайда Алматы әзірге 6 күндік форматқа көшуді жоспарлап отырған жоқ.
Сәкен Аралбаев қалада үш ауысымды мектептердің жоқ екенін, алдағы уақытта бір ауысымда жұмыс істейтін мектептер санын арттыру жоспарланып отырғанын жеткізді.
Сонымен қатар ол BilimClass платформасында оқушылардың дербес деректерінің қорғалуына қатысты мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, басқармада деректердің таралуы туралы расталған жағдай тіркелмеген.
«BilimClass мемлекеттік стандарттар мен ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келеді. Деректерді қорғау мәселелері бейінді мемлекеттік органдармен қосымша пысықталған», — деді Сәкен Аралбаев.




