Ақтауда шұбат фестивалі: 15 мың қонақ, Гран-при иегері көлік ұтты
Ақтауда республикалық «SHUBAT FEST-2026» шұбат фестивалі өтіп, оған 15 мыңнан астам адам қатысты. Маңғыстау, Атырау, Қызылорда және Түркістан облыстарының өндірушілері өз өнімдерін ұсынды.
Шараның мақсаты — шұбатты ұлттық өнім ретінде насихаттау, оны дайындау дәстүрін сақтау, түйе шаруашылығын дамыту және отандық өндірушілерді қолдау.
«Үздік шұбат» байқауына 83 өтінім түсіп, оның 41-і алдын ала іріктеуден өтті. Зертханалық сараптамадан кейін 20 қатысушы финалға жолдама алды.
Фестивальде шұбаттан бөлек түйе сүтінен жасалған құрт, балқаймақ, десерт, кофе, балмұздақ пен коктейльдер де ұсынылды. Бұл өнімдер бойынша да үздіктер анықталды.
Басты номинацияда үшінші орынды Бейнеу ауданындағы «Нұр-Абыл» шаруа қожалығы, екінші орынды Атырау облысы Жылыой ауданындағы «Орынбасар» шаруа қожалығы иеленді. Бірінші орын Ақтаудағы «Толқын» шаруа қожалығына бұйырды.
Гран-при жүлдесін Жаңаөзен қаласындағы «Бірлік» шаруа қожалығы жеңіп алды. Жеңімпазға «Astana Motors» компаниясы GWM Poer автокөлігін табыстады.
Фестиваль концерттік бағдарламамен жалғасып, сахнада Маңғыстау облыстық филармониясының өнерпаздары, Рахымжан Жақайым, Жұбаныш Жексенұлы және «Жігіттер» квартеті өнер көрсетті.




