Ақтауда ТЖМ қызметкерлеріне арналған «112 Resort Aktau» демалыс орталығы ашылды
Ақтауда ТЖМ қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелеріне арналған «112 Resort Aktau» демалыс орталығы ашылды.
Ақтауда Каспий теңізінің жағалауында Төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелеріне арналған «112 Resort Aktau» демалыс орталығының салтанатты ашылуы өтті.
Ашылу рәсіміне ТЖМ министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов, Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов, департамент басшылығы мен ардагерлер қатысты.
Жоба министр Шыңғыс Әріновтің бастамасымен жүзеге асырылды. Бұл еліміздегі азаматтық қорғау органдары қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелеріне арналған алғашқы ведомстволық демалыс орталығы. Жоба аясында 45 заманауи капсулалық үй орнату жоспарланған. Қазіргі уақытта жайлы тұруға қажетті барлық жағдаймен жабдықталған алғашқы жеті капсулалық үй пайдалануға берілді. Әрбір капсулалық үй бір отбасының демалуына арналған және қажетті тұрмыстық техникамен толық қамтамасыз етілген.
Орталық аумағында жайлы әрі қауіпсіз демалыс үшін барлық жағдай жасалған: бақылау-өткізу пункті, әкімшілік ғимарат, мейрамхана, балалар ойын алаңы, екі субұрқақ, пирс, теңіз суы айналып тұратын бассейн және балалар бассейні, ашық аспан астындағы душ, барбекю аймағы, кафе және автотұрақ. Аумақ абаттандырылған: асфальтталған жолдар, жаяу жүргіншілер жолдары, сыртқы жарықтандыру, көгалдандыру жұмыстары жүргізілген. Демалыс орталығы қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген.
Іс-шара барысында жобаны жүзеге асыруға белсенді қатысқан құтқарушылар, азаматтар, жергілікті атқарушы органдар өкілдері мен кәсіпкерлер ТЖМ ведомстволық наградаларымен марапатталды. «112 Resort Aktau» демалыс орталығын құру Қазақстан ТЖМ-нің әлеуметтік саясатының бір бөлігі болып табылады. Ол әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, жеке құрамды әлеуметтік қолдауды нығайтуға, сондай-ақ ТЖМ қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелерінің демалуы мен күш-қуатын қалпына келтіруіне лайықты жағдай жасауға бағытталған.
Демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Маңғыстау облысы ТЖД Жедел-құтқару жасағы мен Апаттар медицинасы орталығы қызметкерлеріне арналған жеке үй салынды. Олар мұнда тәулік бойы кезекшілік атқарады. Ресми ашылғаннан кейін орталықтың алғашқы қонақтары нысанның құрылысы мен абаттандырылуына тікелей қатысқан құтқарушылар, өрт сөндірушілер және олардың отбасы мүшелері болады. Оларға демалуға сертификаттар табысталды.




