Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
9 қазан 2026, жұма USD 448,9 EUR 502,1 RUB 5,26 CNY 67,0 Астана +6° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

«Әділет» партиясының жаңа депутаттық корпусы: құрам статистикасы

«Әділет» партиясының жаңа депутаттық корпусы: құрам статистикасы
Сурет: aikyn.kz

«Әділет» партиясының жаңа депутаттық корпусының құрамы жарияланды. Мәліметке сәйкес, депутаттардың 37-сі әйел (33,6%), 13-і жас (11,8%), 2-еуі мүгедектігі бар азамат (1,8%). Сондай-ақ 21 депутат (19%) – өзге ұлт өкілі. Депутаттардың орташа жасы – 46,7 жас.

Жаңа құрамда Ұлттық Құрылтайдың бұрынғы 13 мүшесі, Мәжілістің 20 экс-депутаты және Сенаттың 4 экс-депутаты бар. Жалпы, Парламентте депутаттық тәжірибесі бар 24 адам сайланды. Сонымен қатар 10 адам Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі, 4-еуі Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі, 5-еуі Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі. Тағы 26 адам мәслихат депутаты болып сайланған.

Құрамда әртүрлі саланың мамандары бар. Олардың ішінде 3 эколог, 2 волонтерлік қозғалыс өкілі және IT саласының 4 маманы бар.

Депутаттық мандаттар бөлінген кандидаттар тізімі толық жарияланды. Тізімге 110 адам енген.

Бюро мүшелері «Әділет» партиясының Құрылтайдағы депутаттық фракциясы туралы ережені бекітті. Сайлау қорытындысы бойынша «Әділет» партиясы сайлаушылардың 71,17% дауысын жинап, 145 депутаттық мандаттың 110-ын иеленді. Партияны 6,5 миллионнан астам қазақстандық қолдады.

Партия төрағасы Айбек Дәдебай атап өткендей, сайлау нәтижелері азаматтардың партияға және елде жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалар бағытына жоғары сенім білдіргенін көрсетеді. Енді партия мен оның депутаттық фракциясының басты міндеті – бұл сенімді нақты істер мен нәтижелер арқылы ақтау.