Абылайхан Жұбаназар Grand Slam турнирінде алғаш рет чемпион атанды
Қазақстандық дзюдошы Абылайхан Жұбаназар Лозаннадағы Grand Slam турнирінде алғаш рет чемпион атанды. Ол финалда өзбекстандық Арслонбек Тожиевті жеңді.
Қазақстандық дзюдошы Абылайхан Жұбаназар Лозаннада (Швейцария) өтіп жатқан Grand Slam турнирінде жеңіске жетті. Бұл оның мұндай деңгейдегі жарыстардағы алғашқы алтын медалі.
81 келіге дейінгі салмақта сынға түскен спортшы жолын 1/64 финалда чехиялық Петр Младиді иппонмен ұтып бастады. Кейін украиналық Владислав Колобовты екі вазари әдісімен, ал 1/16 финалда грузиялық Заур Двалашвилиді жауырынын жерге тигізіп жеңді.
Ширек финалда ресейлік Егор Сухопаровтан юко әдісімен басым түсті. Жартылай финалда БАӘ спортшысы Георгий Эльбакиевке қарсы екі юконы сәтті қолданып, финалға жолдама алды.
Финалда оның қарсыласы өзбекстандық Арслонбек Тожиев болды. Бұл екі дзюдошының ресми жарыстардағы алғашқы кездесуі еді. Тартысты өткен белдесуде Абылайхан юко әдісімен есе жіберіп алмай, басымдылығын сақтап қалды.
Осылайша, Қазақстан қоржынына Лозаннадағы Grand Slam додасында алтын медаль түсті.




