Абай облысындағы Жалаңашкөл вокзалы жаңғыртылды
Абай облысындағы Жалаңашкөл теміржол вокзалы толық жаңғыртылып, салтанатты түрде ашылды. Ғимарат көлемі 89 шаршы метрден 527 шаршы метрге дейін ұлғайды.
Абай облысы Мақаншы ауданындағы Жалаңашкөл теміржол вокзалы толық жаңғыртылып, салтанатты түрде ашылды. Бұл — «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының вокзал инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы аясында жүзеге асырылған жоба. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес республика бойынша 124 вокзалды жаңғырту жоспарланған, оның ішінде Абай облысында 10 нысан бар.
1958 жылы салынған бекет ғимаратының көлемі реконструкция кезінде 89 шаршы метрден 527 шаршы метрге дейін ұлғайтылды. Осылайша, вокзалдың жалпы аумағы бұрынғыдан төрт есеге артты. Ішкі бөлмелер қайта жабдықталып, жолаушыларға арналған күту және қызмет көрсету орындары заманауи талаптарға сай келтірілді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың нысанды еркін пайдалануына да барлық жағдай жасалды.
Жалаңашкөл станциясы Мақаншы ауданының көлік қатынасында маңызды рөл атқарады. Мұнда «Астана–Достық», «Алматы–Достық», «Ақтоғай–Достық» бағыттарындағы пойыздар, сондай-ақ жазғы маусымдық «Семей–Жалаңашкөл» туристік пойызы қатынайды. Вокзалдың жолаушылар қозғалысы күніне 118 жолаушыны құрайды.
Бұл — биыл Абай облысында қайта жаңартылып, пайдалануға беріліп отырған 7 теміржол вокзалы. Жобалардың негізгі мақсаты — тұрғындар мен жолаушыларға қолайлы орта қалыптастыру, қауіпсіздік деңгейін арттыру және теміржол қызметін заманауи талаптарға сәйкестендіру.




