Абай облысында 20 жастағы студентті пышақтап өлтірді деген күдікке бұрынғы жігіті ілінді
Абай облысында 20 жастағы Дильназ Жұмағұлованы пышақтап өлтірді деген күдікке бұрынғы жігіті ілінді. Отбасы қылмысты ауыр баппен саралауды талап етеді.
Абай облысында 20 жастағы Дильназ Жұмағұлованың өліміне байланысты оның бұрынғы жігіті күдікке ілінді. Қыздың денесінен 12 пышақ жарақаты табылған, ал сараптама басынан да ауыр жарақат алғанын көрсеткен. Отбасы қылмыстың ауыр баппен саралануын талап етіп отыр.
Дильназ Жұмағұлова әулеттің жалғыз баласы болатын. Ол Семейдегі Шәкәрім университетінің екінші курс студенті еді. Қайғылы оқиға 13 шілде күні болды. Қыз құрдастарымен кешкі серуенге шықпақ болған, бірақ олар үйлерінен шықпай қалған. Таңертең оның денесі көшеден табылды.
Марқұмның әкесі Сабыржан Темірханның айтуынша, қызының денесіне 12 рет пышақ сұғылған. Ол мойын тұсынан жарақат алған кезде қарсылық көрсетуге тырысқан, алайда күдікті оны көше бойымен сүйреп, пышақтауды жалғастырған. Кейін оқиға орнынан қашып кеткен.
– Содан кейін тастаған. Үстіндегі курткасын шешіп алған. Соның бәрін алып, мына жақтағы орманға апарып, телефоны мен курткасын тығып тастаған, – дейді марқұмның әкесі.
Күдікті – 20 жастағы жігіт, ол Дильназбен бірге Бородулиха ауылындағы мектепте қатарлас оқыған. Қыздың анасы Динара Атаеваның айтуынша, қызы онымен қарым-қатынасын тоқтатқанын айтқан, бірақ замандастары олардың жаздан бастап қайта сөйлесіп жүргенін жеткізген.
Отбасының мәліметінше, күдікті қыздың денесін жасыру үшін 32 метрге дейін сүйреген. Сараптама Дильназдың басынан ауыр жарақат алғанын көрсеткен. Ата-анасы бұл қылмысты аса қатыгездікпен жасалды деп санайды және істің ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлігімен саралануын талап етеді.
– Біз кінәлі адамның барынша ауыр жаза алғанын талап етеміз. Ол заң талабына сай, толық жазалану керек. Қазір іс ҚР ҚК 99-бабының 1-бөлігі бойынша тергеліп жатыр. Бұл асқан қатыгездікпен жасалған қылмыс. Сондықтан 99-баптың 2-тармағымен саралануы тиіс, – дейді Динара Атаева.
Сонымен қатар ата-анасы күдіктінің қылмыс жасаған пышағы мен киімі даладағы әжетханадан табылғанын айтты. Қазір отбасының заңгері қылмыстық істі зерделеп жатыр. Полиция тергеу аяқталғанын хабарлады.
– Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Процеске қатысушылар қылмыстық материалдармен танысуда. Танысу аяқталғаннан кейін іс сотқа жолданады, – деді Абай облысы ПД Тергеу басқармасы бастығының орынбасары Ержан Телжанов.
Дильназ университетте тарих және география мамандығы бойынша оқыған, кәріс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген. Отбасы қылмыскердің ең ауыр жаза алуын талап етіп отыр.




