9 айда 56 мыңнан астам жұмысшының еңбек құқығы қорғалды
2026 жылдың қаңтар–қыркүйек аралығында мемлекеттік еңбек инспекторлары 56 мыңнан астам азаматтың еңбек құқығын қорғап қалды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінен белгілі болды.
1 қазанға дейінгі деректерге сәйкес, инспекторлар еңбек заңнамасының сақталуын тексеру мақсатында 5,7 мыңнан астам тексеру жүргізген. Анықталған кемшіліктерді жою үшін жұмыс берушілерге нұсқамалар тапсырылып, қызметкерлердің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру шаралары қолға алынды.
Инспекторлардың басты назарында жалақының уақытылы және толық төленуі тұр. Тексерулер барысында бірнеше кәсіпорында еңбекақы бойынша берешек анықталған. Оны жою үшін жұмыс берушілермен бірлесіп, берешекті өтеу кестелері бекітілді. Бұл кестелердің орындалуын мемлекеттік еңбек инспекторлары тұрақты бақылауда ұстап отыр.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде жұмыс берушілер жалақы берешегін өтей бастады. Осының арқасында жүздеген жұмысшының еңбек құқығы қалпына келтірілді.
Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында «Москворецкое» ЖШС-ның 93 қызметкеріне екі ай бойы жалақы төленбеген. Осы факті бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру қыркүйек-қазан айлары үшін 48,8 млн теңге көлемінде жалақы берешегінің бар екенін анықтады. Нәтижесінде жұмыс берушіге берешекті өтеу туралы нұсқама беріліп, әкімшілік айыппұл салынды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету жұмысын жалғастыруда. Негізгі басымдықтар — жұмысшылардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау, жалақының уақытылы төленуін қамтамасыз ету, анықталған заңбұзушылықтарды жою және жұмыс берушілердің қызметкерлер алдындағы міндеттерін орындау жауапкершілігін арттыру.




