Қазақстан сыртқы сауда айналымы 143,9 млрд долларға жетті
2019-2025 жылдары Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 47,8 млрд долларға өсіп, 143,9 млрд долларға жетті. Экспорт 36,9%-ға, импорт 69%-ға артты.
2019-2025 жылдар аралығында Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 47,8 млрд долларға немесе 49,7%-ға ұлғайып, былтырғы қорытынды бойынша 143,9 млрд долларды құрады. Бұл көрсеткіш тарихи меже ретінде тіркелді.
Отандық тауар экспорты осы кезеңде 21,3 млрд долларға өсіп, 36,9% өсім көрсетті. Импорт та 26,5 млрд долларға немесе 69%-ға артты.
Сыртқы сауда көлемінің серпініне тоқталсақ, жаһандық пандемия салдарынан 96,1 млрд доллардан 85,0 млрд долларға дейін төмендеген еді. 2021 жылы экономика жанданып, сауда көлемі 102 млрд долларға жуықтады. 2022 жылы логистикалық бағыттардың қайта құрылуының арқасында 134,4 млрд долларға дейін көтерілді. Қарқынды өсім кейін де жалғасып, 2023 жылы 139,8 млрд, 2024 жылы 141,4 млрд доллар болды.
Мұндай нәтижеге мемлекеттік саясатпен қатар әлемдік нарықтағы бағаның құбылуы, өндіріс көлемі және халықаралық логистиканың өзгеруі әсер етті. Қасым-Жомарт Тоқаев Президент қызметіне кіріскен бойда сыртқы сауданы дамытып, экспортты әртараптандырып, отандық өнімді шетел нарықтарына шығаруды негізгі басымдықтар ретінде айқындады. Үкіметке шикізаттық модельден бас тарту, өңделген өнім экспортын молайту және экспорттаушыларға бір терезе қағидатымен қолдау көрсету міндеті жүктелді.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, сыртқы сауданың 47,8 млрд долларға өсуіне бірнеше фактор септескен. 2019 жылы Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы барреліне 64,2 доллар болса, 2022-2024 жылдары геосаяси жағдайға байланысты 80-100 доллар төңірегінде ауытқыды. 2025 жылы орта есеппен 75-82 доллар шамасында сақталды. Сондай-ақ мыс, уран, астық сияқты тауарлардың әлемдік нарықтағы бағасы да сыртқы сауда түсімін жақсартты. Бұған өндірістегі өрлеу қосылып, жалпы сауда айналымының өсуіне жағдай жасалды.

Экспорт құрылымында мұнай мен мұнай өнімдері көш бастағанымен, олардың жалпы экспорттағы үлесі 2019 жылғы 62-64%-дан 2025 жылы 50,5%-ға дейін азайды. Яғни экспорттық қоржында басқа да тауарлар көбейіп келеді. QazTrade мен Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өңделген өнім экспорты 2019 жылғы 15,5 млрд доллардан 2025 жылы 41,0 млрд долларға дейін ұлғайған. Осы орайда металлургия, химия өнеркәсібі мен агроөнеркәсіп салаларының үлесі жоғары. Тазартылған мыс, ферроқорытпалар, ауыл шаруашылығы өнімдері, өсімдік майы, ұн тәрізді тауарлар экспорт әлеуетін күшейте түсті.
Импорт көлемі 2019 жылғы 38,4 млрд доллардан 2025 жылы 64,9 млрд долларға жетіп, 69%-ға артты. Оның басым бөлігін машина жасау өнімдері, көлік құралдары, өндірістік жабдықтар, дәрі-дәрмек өнімдері және тұтыну тауарлары құрайды.
Қазақстанның сыртқы сауда жағрапиясында Азия мен Еуропа нарықтары айрықша рөл атқарады. Әсіресе Қытайдың жалпы сыртқы сауда айналымындағы үлесі 2019 жылғы 15%-дан 2025 жылы 23,7%-ға дейін өсті. Еуроодақ елдері де қазақстандық экспорттың ауқымды бір бағыты саналады. Ондағы Италия, Нидерланд, Франциямен энергетикалық сауда байланыстары ерекше маңызды.
Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы негізгі сауда серіктестерінің бірі – Ресей. Былтыр екі мемлекет арасындағы өзара сауда көлемі 27,4 млрд долларды маңайлады. Бірақ жалпы сыртқы сауда айналымындағы Ресейдің үлесі 2025 жылы 19%-ға дейін төмендеген. 2019 жылғы 21% еді.
Қазақстанның Орталық Азиядағы орны да бөлек. Үкімет ұсынған деректерге сүйенсек, аймақтағы жиынтық сыртқы сауда айналымының 51%-ы бізге тиесілі. Өйткені Орталық Азия елдерінің жалпы сыртқы сауда көлемі 270-280 млрд доллар деңгейінде бағаланады.
Өңірдегі өзге мемлекеттердің көрсеткішіне тоқталсақ, Өзбекстанның сыртқы сауда айналымы – 62-65 млрд доллар, Түрікменстандікі – 20-22 млрд доллар, Қырғызстандікі – 15-17 млрд доллар, Тәжікстандікі 8-9 млрд доллар делінеді. Өз кезегінде Қазақстан осылардың бәрін басып озып, Орталық Азиядағы ең ірі сауда хабына айналып отыр.




