Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
21 қазан 2026, сәрсенбі USD 450,7 EUR 505,0 RUB 5,45 CNY 67,5 Астана +6° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Апатты үйлер: 15 653 меншік иесі қоныс аударусыз қалуы мүмкін

«Әділет» депутаты Әмірбек Оспанбеков Үкімет басшысы Олжас Бектеновке апатты және тозығы жеткен үйлерді реновациялауды жеделдету жөнінде сауал жолдады.

Апатты үйлер: 15 653 меншік иесі қоныс аударусыз қалуы мүмкін
Сурет: aikyn.kz

Қазақстандағы 61 367 көппәтерлі тұрғын үйдің 1 037-сі апатты, 3 347-сінің тозығы жеткен. Бұл деректі жергілікті атқарушы органдардың мәліметіне сүйеніп, «Әділет» партиясы фракциясының депутаты Әмірбек Оспанбеков Үкімет басшысы Олжас Бектеновке жолдаған сауалында келтірді.

Депутаттың есебінше, апатты үйлерде шамамен 26 972 тұрғын тұрады, олардың барлығын көшіру қажет. Ал 2029 жылға қарай әкімдіктер апатты және тозығы жеткен үйлердің орнына 895 көппәтерлі үй немесе 11 319 пәтер салуды жоспарлап отыр. Бұл қоныс аударуға жататын меншік иелерінің жалпы санының 42 пайызын ғана құрайды. Осылайша, 15 653 меншік иесі апатты және тозығы жеткен баспаналарда қалып қоюы мүмкін.

«Мұндай үйлерде өрт қаупі жоғары, ал тілсіз жау адамдардың, әсіресе балалардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіреді», – деді Оспанбеков.

Соңғы үш жылда тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы аясында өңірлерде 352 апатты және тозығы жеткен үй бұзылып, 200 көппәтерлі үй салынған. Депутат бұл көрсеткіш республикадағы жалпы тұрғын үй қорының 0,3 пайызын құрайтынын атап өтті.

Өңірлердегі реновациялау жоспарларының орындалу деңгейі біркелкі емес. Мәселен, Батыс Қазақстан облысында 334 апатты және тозығы жеткен үйдің ішінен тек үш үйдің меншік иелерін жаңа баспанаға көшіру жоспарланған, бұл өңірдегі қажеттіліктің шамамен 1 пайызына тең. Ал Ақмола, Қарағанды, Алматы, Ұлытау, Абай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары мен Алматы қаласында жоспарланған жаңарту көлемі 2–19 пайыз аралығында.

Сауалда Астана қаласы, Жамбыл және Павлодар облыстарының әкімдіктері 2029 жылға қарай мәселені шешуді жоспарлап отырғаны айтылған. Оны жүзеге асыру үшін жергілікті бюджет қаражаты мен жеке инвесторларды тарту көзделген.

Оспанбеков Үкіметке реновациялау бағдарламаларын жандандыру жөнінде нақты ұсыныстар жолдады:

  • Үкімет жанынан Құрылтай депутаттары мен өңірлер әкімдерінің тікелей қатысуымен республика бойынша реновациялау жобаларының орындалуын бақылайтын арнайы комиссия құруды қарастыру;
  • барлық өңірлер бойынша апатты және тозығы жеткен тұрғын үйдің әрбір меншік иесін көшіру жөнінде нақты мерзімдері көрсетілген Бірыңғай жол картасын әзірлеу;
  • реновациялау бағдарламаларының тиімділігін бағалау көрсеткішін барлық деңгейдегі әкімдердің жұмыс сапасын бағалау рейтингіне енгізу.