«Таза Қазақстан»: экологиялық мәдениет қалыптастыру жолдары талқыланды
«Egemen Qazaqstan» газетінің «Санаткер ұлт» алаңында «Таза Қазақстан» бастамасы аясында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелері талқыланды.
«Egemen Qazaqstan» газетінің «Санаткер ұлт» алаңында өткен пікір алмасуда «Таза Қазақстан» бастамасын іске асыру мәселелері қаралды. Жиынға қатысушылар тазалықты күнделікті әдетке айналдыру, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және табиғатқа жауапкершілікпен қарау жөнінде ой қозғады.
Халық Кеңесінің мүшесі Еділ Жаңбыршин экологиялық мәдениетті қалыптастыруда шетел тәжірибесін ескеру қажеттігін атап өтті. Ол Норвегия мысалын келтіре отырып, онда қоқысқа төгілген заттың 98 пайызы қайта өңделіп, кәдеге жаратылатынын, тамақ қалдықтарының бөлек жиналатынын айтты. «Бұл елде балаларға тұрмыстық қалдықтарды сұрыптауды балабақшадан бастап үйретеді. Сана мәдениетін қалыптастыруға мемлекет 40 жылға жуық уақытын сарп еткен. Ел бүгінде соның игілігін көріп отыр», – деді ол.
Сонымен қатар, ол тазалық мәдениетін орнықтыру үшін азаматтардың экологиялық санасын тәрбиелеумен қатар, қалдықтарды қайта өңдеуге мүмкіндік беретін жүйені дамыту қажет екенін жеткізді.
Бас редакторлар клубының президенті Бибігүл Жексенбай тазалықты сақтауға қолайлы жағдай жасау мен жауапты тұтыну дағдысын қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, Норвегия тәжірибесінде табиғатты пайдалану құқығы оны күтіп ұстау міндетімен қатар жүреді. Сондай-ақ, бос пластик бөтелкелер мен алюминий құтыларды арнайы жүйе арқылы өткізіп, кепілақыны қайтаруға болады. Мұндай тетіктер азаматтардың қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауына ықпал етеді.
«Тазалық тұрақты дағдыға, одан әрі қоғамдық нормаға айналуы керек. Халықаралық тәжірибені өз жағдайымызға бейімдеп, нақты іске айналдыру айрықша маңызды. «Таза Қазақстанның» болашағы осы ортақ жауапкершілікке байланысты», – деді Бибігүл Жексенбай.
Қатысушылар экологиялық мәдениет отбасындағы тәрбиеден басталып, білім беру ұйымдарында жалғасып, қоғамның ортақ ұстанымына айналуы қажет деген пікірге тоқталды.




