Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
22 қазан 2026, бейсенбі USD 450,7 EUR 505,0 RUB 5,45 CNY 67,5 Астана +4° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Тоқаев Ақтоғайдағы мыс зауытының құрылысын маңызды оқиға деп атады

Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтоғай кен орнында мыс балқыту зауытының құрылысын маңызды оқиға деп атады. Жоба Абай облысының экономикасын өркендетуге серпін береді.

Тоқаев Ақтоғайдағы мыс зауытының құрылысын маңызды оқиға деп атады
Сурет: aikyn.kz

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың China Nonferrous Metal Mining (CNMC) тобының еліміздің индустриалдық әлеуетін дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалады. Бұл туралы Ақордаға сілтеме жасап Aikyn.kz хабарлайды.

Мемлекет басшысы Абай облысындағы Ақтоғай кен орнында мыс балқыту зауытының құрылысы басталғанын ерекше маңызды оқиға деп атады. Оның айтуынша, жоба өңір экономикасын және Қазақстанның өңдеу өнеркәсібін өркендетуге тың серпін береді.

Тоқаев Қытай Қазақстанның сауда-инвестиция салаларындағы негізгі стратегиялық және экономикалық серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Бүгін басталған зауыт құрылысы екі ел ынтымақтастығының қарқынды ілгерілеп келе жатқанын көрсетеді.

CNMC басшысы Вэнь Ган ауқымды жобаны жүзеге асыруға сенім артқанын жеткізіп, салтанатты рәсімге қатысқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Ол құрылыс жұмыстарын жоғары деңгейде жүргізіп, озық технологияларды қолдана отырып, бекітілген мерзімде аяқтайтынын, сондай-ақ өнеркәсіп пен экологиялық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтайтынын мәлімдеді.

Вэнь Ганның айтуынша, жобаны іске асыру жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді, жергілікті маман даярлау және тәжірибе алмасу салаларында ынтымақтастықты кеңейтеді.

Кездесу соңында аталған зауыт Қазақстан мен Қытай арасындағы өнеркәсіптік кооперацияның тағы бір табысты үлгісіне айналып, металлургия мен терең өңдеу бағытындағы бірлескен жұмысқа жол ашатыны атап өтілді.