Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
21 қазан 2026, сәрсенбі USD 450,7 EUR 505,0 RUB 5,45 CNY 67,5 Астана +6° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Саран индустриялық аймағы: екі жылда өндіріс 1,6 есе өсіп, 2300 адам жұмыспен қамтылды

Саран қаласында индустриялық аймақтың арқасында соңғы екі жылда өндіріс 1,6 есе өсіп, 2300 адам жұмыспен қамтылды.

Саран индустриялық аймағы: екі жылда өндіріс 1,6 есе өсіп, 2300 адам жұмыспен қамтылды
Сурет: aikyn.kz

Қарағанды облысындағы Саран қаласы индустриялық даму қарқынын сақтап отыр: жыл сайын мұнда 3-4 жаңа жоба іске асырылуда. Соңғы екі жылда өндіріс көлемі 1,6 есеге ұлғайып, оның басым бөлігі өңдеу өнеркәсібінің үлесіне тиесілі. Биыл инвестиция көлемі 156,5 млрд теңгеге жетеді деп күтілуде.

2021 жылы іске қосылған Saran индустриялық аймағы осы өсімнің негізгі драйверіне айналды. Онда жалпы құны 346 млрд теңгеден асатын 8 ірі жоба жүзеге асырылды. Толық қуатқа шыққанда олар шамамен 4 мың жұмыс орнын құрайды, қазір 2300 адам жұмыспен қамтылған.

Қала әкімі Дарын Бұлқайырдың пікірінше, бұл үдеріс Үкімет қолдауымен және бизнес өкілдерінің қатысуымен жүзеге асқан. Осы уақытқа дейін салынған жаңа зауыттардың арқасында екі мыңнан астам жұмыс орны ашылды, алдағы уақытта бұл көрсеткіш 3,5 мыңға жуық адамға дейін ұлғаяды деп күтілуде.

2026 жылы жалпы құны 107,7 млрд теңгені құрайтын тағы 4 жобаны іске қосу жоспарланған: полиэтилен құбырлары мен фитингтер өндірісінің екінші кезеңі, жеңіл автокөліктер шығару, жылу оқшаулағыш материалдар өндіру және HOWO маркалы жүк көліктерін құрастыру.

Шағын және орта бизнес те дамып келеді: Саранда 2800-ден астам кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді, онда 7 мыңнан астам адам еңбек етеді. Сауда және қызмет көрсету салаларында жаңа жобалар іске асырылып, кәсіпкерлерге гранттар мен субсидиялар берілуде.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Саранның моноқала мәртебесінен шыққанын атап өтті: «Мемлекет басшысы тың тәсілдерді іздеу және моноқалаларда жаңа салаларды дамыту міндетін қойды. Үкіметтің қолдауымен Саран индустриалды аймағы құрылды. Бұл қала экономикасын әртараптандыруға септігін тигізді. Бүгінде Саран моноқала емес. Шаһар Қарағандының халық саны күн санап өсіп келе жатқан, тұрғын үйге сұранысы ұлғайған, заманауи инфрақұрылымы, жаңа әлеуметтік энергиясы бар өнеркәсіптік серіктесіне айналды».

Коммуналдық сала мен әлеуметтік инфрақұрылым да жүйелі дамып келеді: жүздеген көпқабатты тұрғын үй мен ондаған әлеуметтік нысан орталық қазандықтан үздіксіз жылумен қамтамасыз етілуде. IT-орталықтар, спорт алаңдары және жастарға арналған орындар ашылуда.