Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
22 қазан 2026, бейсенбі USD 450,7 EUR 505,0 RUB 5,45 CNY 67,5 Астана +5° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Димаш Құдайберген Краковта әлемдік турын бастады

Димаш Құдайберген Краковтағы Tauron Arena стадионында DIMENSIONS әлемдік турын бастады. Концертте жаңа әндер мен халық әуендері орындалды.

Димаш Құдайберген Краковта әлемдік турын бастады
Сурет: aikyn.kz

Қазақстанның Халық әртісі Димаш Құдайберген 18 қазанда Польшаның Краков қаласындағы Tauron Arena стадионында өзінің жаңа DIMENSIONS шоуын көпшілікке ұсынды. Бұл концерт бірнеше континентті қамтитын әлемдік турдың бастауы болды. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған мыңдаған жанкүйер қатысты.

Димаш концертті ана тіліндегі «Dimensions» эпикалық туындысымен ашып, көрермендерді сан қырлы шығармашылық әлеміне саяхатқа шақырды. Жаңа турға арналған көптеген туындыны әншінің өзі дайындаған, олардың басым бөлігінің композиторы да өзі.

Алғашқы бөлімде ағылшын тіліндегі «Guilty of Your Light» және «Somebody Loves You» жаңа әндерінің тұсауы кесілді. Бөлім композитор Игорь Крутойдың «Olimpico» кантатасымен қорытындыланды.

Сурет: aikyn.kz

Келесі бөлім «Fire» әнімен басталып, шынжырлар қолданылған ерекше сахналық қойылым көрермен назарын аударды. Димаш ағылшын тіліндегі «Drive On» және «Tell Me Why» әндерін, виртуоздық вокализді, сондай-ақ інісі Мансұр Құдайбергеннің авторлығымен жазылған «Release My Soul» композициясын алғаш рет орындады.

Концерт бойы жанкүйерлердің ерекше ықыласы мен қолдауы сезіліп тұрды. Олар концерт басталғанға дейін-ақ Димаштың әндерін бірге шырқап, мерекелік көңіл күй қалыптастырды. Әрбір шығарманы зор қошеметпен қарсы алды. Дәстүрлі вокалдық жаттығу кезінде жанкүйерлер Димашқа «Мен сіздерді жақсы көремін» деген тіркестің поляк тіліндегі баламасын үйретіп, әнші бұл сөздерді көрермендермен бірге әуенге қосты.

Қолындағы жарқын баннерімен әншінің назарын аударған молдовалық Тимур есімді бала Димаштың шақыруымен сахнаға көтерілді. Ол кеш иесінің қолдауымен өзінің сүйікті «Любовь уставших лебедей» және «S.O.S» әндерінен үзінділер орындады.

Сурет: aikyn.kz

Шоудың үшінші бөлімінде экраннан бала күнгі Димаштың бейнесі көрсетіліп, ол әншінің өзі жазған «Omir» композициясын орындай бастады. Кейін сахнадағы Димаш әнді экранда бейнеленген өзінің егде жастағы нұсқасымен бірге жалғастырды.

Туған өлкенің музыкалық дәстүрлеріне арналған бөлімде «Aqerke», «Тау ішінде» және «Дүрдараз» халық әндері орындалды. Әрбір туынды өзіндік хореографиялық шешімімен ерекшеленіп, жеке сахналық қойылым ретінде ұсынылды.

Домбырашылар Темірлан Олжабай мен Ернат Наурыздың виртуоздық орындауындағы жеке музыкалық нөмірінен кейін Димаш сахнаға қайта оралып, «The Story of One Sky» композициясы арқылы бейбітшілікке үндеді. Одан кейін қобызшы Олжас Құрманбекпен бірге «Stranger» туындысын орындап, алдыңғы әлемдік тур мен жаңа шығармашылық кезеңнің арасындағы сабақтастықты айшықтағандай болды.

Сурет: aikyn.kz

Бағдарламаның осы бөлімінде көрермендер қазақ тіліндегі жаңа «Moonlight» композициясын, өткен жылы тұсауы кесілген «Самғау» туындысын және «Любовь уставших лебедей» әнін тыңдады.

Шоудың қорытынды бөлімі әлемнің түкпір-түкпіріндегі жанкүйерлер жатқа білетін «Ұмытылмас күн» әнімен басталды. Терең сезім мен махаббат тақырыбы түрік тілінде жақында ғана жарық көрген «Yazgi» композициясымен жалғасын тапты.

Концерттің соңында көрермендер «Give Me Your Love» және жаңа «Жаңа күн» әндерінің ырғағына қосылып, ерекше көңіл күйге бөленді.