Ақтауда 11 жастағы оқушыны көлік қағып кетті: дәрігерлер жағдайын орташа ауыр деп бағалады
Ақтауда жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан 11 жастағы оқушыны Lada Priora маркалы автокөлік қағып кетті. Оқиға болған сәттен видео әлеуметтік желіде тарады.
Видеодан үш оқушының жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқаны көрінеді. Сол кезде автокөлік балалардың бірін қағып кетеді, содан кейін бала бір жаққа ұшып кетеді.
Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының хабарлауынша, шақырту сағат 13:48-де түскен. Ол бірінші шұғылдық санатына – жаяу жүргіншіні қағып кету оқиғасына жатқызылды.
Дәрігерлер 11 жастағы баланы қарап, оның жағдайын орташа ауыр деп бағалады. Алдын ала диагноз бойынша жабық бассүйек-ми жарақаты және мидың шайқалуы анықталды.
Оқушы облыстық көпсалалы балалар ауруханасында ем қабылдауын жалғастыруда.




