Алматыда өкпе туберкулезіне робот-ассистентті хирургия бойынша шеберлік сабағы өтті
Алматыдағы Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығында өкпе туберкулезі кезіндегі робот-ассистентті хирургия бойынша халықаралық шеберлік сабағы өтті.
Қазақстан Республикасы Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығында (Алматы қаласы) «Өкпе туберкулезі кезіндегі робот-ассистентті хирургия: заманауи технологиялар мен хирургиялық тәсілдер» тақырыбында халықаралық шеберлік сабағы ұйымдастырылды. Іс-шара робот-ассистентті торакалдық хирургияның заманауи технологияларына арналды.
Шеберлік сабағын Орталық директоры Мәлік Молдабекұлы Әденов құттықтау сөзімен ашып, заманауи хирургиялық технологияларды дамытудың, кәсіби тәжірибе алмасудың және мамандандырылған медициналық көмекті жетілдірудегі халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.
Халықаралық сарапшылар ретінде Қытай Халық Республикасының өкілдері – Харбин медициналық университеті жанындағы онкологиялық аурухананың торакалдық хирургия бөлімінің меңгерушісі, профессор Сюй Шидун (Xu Shidong) және сол мекеменің торакалдық хирургі, доктор Фэнхай Жэнь (Fenghai Ren) қатысты.
Іс-шара бағдарламасы аясында шетелдік сарапшылар мен Орталық мамандарының қатысуымен хирургиялық консилиум өтті. Оған торакалдық хирургтер, анестезиологтер, бронхологтер және басқа да медицина қызметкерлері қатысып, клиникалық тәсілдер мен хирургиялық араласуды жоспарлаудың ерекшеліктерін талқылады.
Шеберлік сабағының негізгі бөлігі роботтың көмегімен екі хирургиялық операция жасаумен ерекшеленді: оң жақ өкпенің жоғары бөлігін және сол жақ өкпенің жоғары бөлігін алып тастау бойынша жоғары лобэктомия операциялары орындалды.
Қазақстанда алғаш рет өкпеге роботтың көмегімен жасалған операциялар отандық торакалдық хирургияның дамуы мен жоғары технологиялық емдеу әдістерін енгізудегі жаңа кезеңнің басталуын білдіреді. Бұл – озық технологияларды меңгерумен ғана шектелмейтін, заманауи медицинаның мүмкіндіктерін кеңейтуге, халықаралық кәсіби ынтымақтастықты нығайтуға және пациенттер үшін инновациялық медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Хирургиялық араласулардың барысы Орталықтың конференц-залына тікелей эфирде көрсетілді. Бұл қатысушыларға операциялардың негізгі кезеңдерін бақылауға және торакалдық хирургияда роботтандырылған технологияларды практикалық қолдану мүмкіндіктерімен танысуға мүмкіндік берді.
Білім беру бағдарламасына онлайн форматта 20-ға жуық адам қосылды. Олардың қатарында білім алушылар, медициналық ұйымдардың қызметкерлері және басқа мекемелерден шақырылған мамандар болды. Қашықтан қатысу кәсіби тәжірибе алмасу мен білім беру бағдарламасына қолжетімділік аясын кеңейтті.
Аталған операциялардың Орталық базасында алғаш рет орындалуы торакалдық хирургияның заманауи технологияларын меңгеруде жаңа кезеңге жол ашып, қазақстандық және шетелдік мамандар арасында кәсіби тәжірибе алмасуға қосымша мүмкіндіктер туғызады.




