Астанада жапон балет мектебінің оқушылары білім алуда
Қазақ ұлттық хореография академиясында Жапонияның Yoshiko Takagi Ballet School балет мектебінің 22 оқушысы мен төрт оқытушысы оқу үстінде.
Академия педагогтері классикалық және ұлттық-сахналық би бойынша шеберлік сабақтарын өткізіп, балет қойылымдарындағы жеке би нөмірлерін үйретуде.
Жапон балет мектебінің өкілдері ел мәдениетімен және елорда сәулетімен танысып, Астананың көрікті жерлерін аралады. Олар Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне, «Астана Опера» және «Астана Балет» театрларына барып, «Алтын Гүл» ұлттық балетін тамашалады. Сондай-ақ Академия түлектерімен кездесті.
Оқу бағдарламасы жапон өнерпаздарын қазақстандық балет мектебімен таныстыруға, кәсіби тәжірибе алмасуға және хореография өнері саласындағы халықаралық байланысты нығайтуға бағытталған.




