Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
16 қазан 2026, жұма USD 454,1 EUR 509,2 RUB 5,41 CNY 67,9 Астана +6° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Қарауылкелді теміржол вокзалы жаңғыртылып, халыққа берілді

Ақтөбе облысы Байғанин ауданындағы Қарауылкелді теміржол вокзалы жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Жоба құны 356 млн теңгеден асады.

Қарауылкелді теміржол вокзалы жаңғыртылып, халыққа берілді
Сурет: aikyn.kz

Ақтөбе облысы Байғанин ауданының орталығы Қарауылкелді ауылында теміржол вокзалы қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев, аудан әкімі Айбек Купенов, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының өкілдері, теміржол ардагерлері және жергілікті тұрғындар қатысты.

Салтанатты шарада Асылбек Есенбаев Президент тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалардың маңыздылығын атап өтіп, жаңартылған вокзалдың тұрғындар мен жолаушыларға сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік беретінін жеткізді.

«Байғанин ауданының Қарауылкелді ауылындағы теміржол вокзалы жаңартылып, ел игілігіне беріліп отыр. Жаңа вокзал ауыл тұрғындары мен жолаушыларға сапалы қызмет көрсетіп, ауданның әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға үлес қосады деп сенемін. Осы игі іске атсалысқан барша азаматқа алғыс білдіремін», – деді Асылбек Есенбаев.

Қарауылкелді теміржол стансасының тарихы 1945 жылдан басталады. Алғашқы вокзал ғимараты 2011 жылға дейін пайдаланылып, кейін жаңа ғимарат салынған. Қазіргі уақытта нысан заманауи талаптарға сай қайта жаңғыртылып, жолаушыларға қолайлы жағдай жасалды.

Жобаның жалпы сметалық құны 356 млн теңгеден асады. Құрылыс жұмыстары квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаты есебінен қаржыландырылды.

Жаңғырту барысында жалпы ауданы 207,73 шаршы метр болатын бір қабатты вокзал ғимараты жаңартылып, 25 орындық күту залы жабдықталды. Вокзал маңы абаттандырылып, жолдар мен жаяу жүргіншілер жолдарына қатты жабын төселді, аумақ көгалдандырылды. Жолаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында перрон 150 метрге ұзартылды.

Қарауылкелді теміржол стансасы арқылы тәулігіне 20 жұп жүк пойызы және 6 жұп жолаушылар пойызы қатынайды. Бұл станса ауданның көлік-логистикалық жүйесінде маңызды орын алады.