Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
16 қазан 2026, жұма USD 454,1 EUR 509,2 RUB 5,41 CNY 67,9 Астана -2° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Димаш Құдайберген Грэмми студиясының жаңа жобасына қатысты

Димаш Құдайберген Грэмми студиясының «Global Mixtape» жобасының алғашқы шығарылымына қатысып, музыкант ретіндегі жолы, қазақ мәдениеті және алдағы концерттік…

Димаш Құдайберген Грэмми студиясының жаңа жобасына қатысты
Сурет: aikyn.kz

Әнші Димаш Құдайберген жаңа концерттік турының алдында Грэмми студиясының «Global Mixtape» атты жаңа жобасының алғашқы шығарылымына қатысты. Журналист Валери Лимен сұхбатында ол музыкант ретіндегі қалыптасу жолы, қазақ мәдениетінің ерекшеліктері және алдағы концерттік жоспарлары туралы әңгімеледі.

Сұхбат барысында Димаш балалық шағы мен музыкамен алғаш танысуы туралы айтты. «Ата-анам — классикалық музыкалық білім алған, елімізге танымал өнер иелері. Сондықтан біздің үйде музыка үнемі шырқалып тұратын. Қазақтың дәстүрлі халық әндерінен бастап, «Үш тенор» атанған Пласидо Доминго, Хосе Каррерас және Лучано Павароттидің орындауындағы әндерге дейін ерекше ықыласпен тыңдайтынбыз. Түрлі жанрдағы көптеген әндерді тыңдап өстік. Менің әртүрлі жанрда жұмыс істеуге деген ерекше ықыласымның себебі де осында деп ойлаймын», — деді ол.

Димаш сахнаға бес жасынан шыға бастағанын, қазір 32 жаста екенін, демек сахнада жүргеніне 27 жылға жуық уақыт болғанын атап өтті. Қазақ мәдениеті туралы сұраққа ол: «Қазақ мәдениеті — даланың үні. Бұл музыкада домбыра мен тағы бір дәстүрлі аспабымыз — қобыздың үні желдің гуілімен, қасқырдың ұлыған дауысымен үндеседі. Онда шапқан жылқының дүбірі де, махаббат тілі де көрініс табады. Біздің тарихымыз бен аңыздарымыз күй өнерімен біте қайнасып кеткен. Күй — тарих пен сезімді сөзсіз баяндайтын домбырамен орындалатын туынды. Музыка — өзіндік ерекшелігі бар тіл. Оны түсіну үшін сөздің қажеті жоқ», — деп жауап берді. Айтыс дәстүрі туралы айта келе, ол оны рэппен салыстырып, бірақ одан едәуір ерекшеленетінін айтты.

Домбыра туралы әңгімеде Димаш оны меңгерудің қиындығын мойындады: «Домбырада жиырма жылдан астам уақыт ойнасам да, әлі де жеткілікті деңгейде тарта алмаймын сияқтымын». Журналист оның домбыраны жақсы тартатынын айтқанда, Димаш бұл өз ойы екенін жеткізді.

Әншінің көптілділігі туралы сұраққа ол: «Өзге тілдердегі әндерді үйрену — адамдардың маған ғана емес, мәдениетімізге, елімізге көрсеткен сүйіспеншілігі мен құрметіне алғыс білдіру тәсілім. Жақында жаңа концерттік турымызды бастаймыз. Барған әр елде сол халықтың ана тілінде ән орындап көргім келеді. Қолымнан келеді деп ойлаймын. Көре жатармыз», — деді. Ол 12 тілде ән айтып, сөйлейтіні белгілі.

Димаш әндерінің тақырыптары туралы: «Менің басты мұратым коммерциялық мақсатпен шектелмейді. Мәселе үйренуде емес… кешіріңіз, ақша табуда емес. Ағылшын тілін жетік білмегенім үшін кешірім сұраймын. Айтайын дегенім — басты мақсат ақша табу емес. Ең маңыздысы — біз, өз аудиториясы бар өнер адамдары, халыққа бейбітшілікті, ізгілікті, махаббат пен өзара түсіністікті еске салып отыруымыз керек. Ақша — өміріміздегі ең басты құндылық емес. Сондықтан менде бар мүмкіндікті адамдарға осы нәрсені еске салып отыру үшін пайдалануға тырысамын», — деп атап өтті. Ол сондай-ақ Қазақстандағы «Мақсатсыз адам — желкенсіз кеме» мақалын және Абайдың ізденіс туралы ойларын еске алды.

Алдағы жоспарлар туралы сұраққа Димаш: «Иә солай, бірақ бұл жаңалықтарды әзірге жариялауға бола ма, оған толық сенімді емеспін. Сондықтан нақты айта алмаймын, құпия сақтауға тиіспін. Дегенмен тур жиырмадан астам елді қамтиды. Отыздан, тіпті қырықтан да көп болуы мүмкін… Мен мүмкіндігінше көп концерт беріп, әлемнің барлық еліне барғым келеді. Өйткені жанкүйерлеріммен кездескенді жақсы көремін», — деді. Ол сондай-ақ бір-екі аптадан кейін YouTube арнасында «Мэдисон-сквер-гарденде» өткен концерт туралы деректі фильмді ұсынатынын хабарлады. «Мұны қарапайымдылығымды сақтай отырып айтқым келеді: ТМД елдерінің өнер өкілдері әлемдегі ең үлкен аренада, ең үлкен концерт залында алғаш рет ауқымды концерт өткізді. Бұл мен үшін де, еліміз үшін де зор маңызға ие», — деп қосты ол.

Димаш Құдайберген үшін дауыс — өнерін жеткізетін құралдан да кең ұғым. Ол — дәстүр мен шығармашылық ізденісті, Қазақстан мен әлемді, сондай-ақ әртүрлі тілде сөйлесе де, ортақ эмоцияларды түсіне алатын адамдарды байланыстыратын көпір. Кезекті концерттік тур қарсаңында ол әр залда, әр қалада, әр әнімен осы мұратын жүзеге асыруды жалғастыратынына сеніміміз мол.