Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
16 қазан 2026, жұма USD 454,1 EUR 509,2 RUB 5,41 CNY 67,9 Астана +1° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Зүлфия Байсақова: Қазақстанда 32 дағдарыс орталығы жұмыс істейді

Құрылтай депутаты Зүлфия Байсақова Варшавадағы ЕҚЫҰ конференциясында Қазақстанда 32 дағдарыс орталығы жұмыс істейтінін және әйелдердің мемлекеттік қызметтегі…

Зүлфия Байсақова: Қазақстанда 32 дағдарыс орталығы жұмыс істейді
Сурет: aikyn.kz

Варшавада ЕҚЫҰ-ның Адами өлшем жөніндегі конференциясының сессиясында Құрылтай депутаты, «Қазақстанның дағдарыс орталықтары одағы» басқарма төрайымы Зүлфия Байсақова Қазақстандағы гендерлік теңдік пен әйелдер құқығын қорғау бағытындағы кешенді шаралар туралы баяндады.

Оның айтуынша, соңғы жылдары тең құқықтар мен мүмкіндіктерді қамтамасыз ету саласында айтарлықтай өзгерістер орын алған. Басты бағыттардың бірі – әйелдердің мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне белсенді араласуы.

2026 жылғы сайлау қорытындысы бойынша Құрылтай құрамына 49 әйел сайланды, бұл депутаттардың жалпы санының 33,8 пайызын құрайды. Мемлекеттік қызметшілердің 56 пайызы – әйелдер, ал басшылық қызметтердегі әйелдердің үлесі шамамен 39 пайызға жеткен.

Экономика саласында да оң өзгерістер байқалады: екінші деңгейлі банктер қатысатын несие, грант және басқа да қолдау құралдары арқылы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бағдарламалары жүзеге асырылып келеді.

«Экономикалық тұрғыдан тәуелді әйел үшін мамандық алу, жұмысқа орналасу, өз ісін ашу немесе жеке баспанаға ие болу – жай ғана экономикалық мәселе емес. Көп жағдайда бұл – дербестікке қол жеткізудің және зорлық-зомбылық жағдайынан шығудың маңызды шарты», – деп атап өтті Зүлфия Байсақова.

Елде әйелдер мен балаларды қорғауға арналған мамандандырылған мекемелерді дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Қазіргі уақытта Қазақстанда зардап шеккен адамдардың уақытша тұруына арналған баспаналары бар 32 дағдарыс орталығы жұмыс істейді.

Депутаттың айтуынша, бұл бағытта азаматтық қоғамның рөлі зор. Атап айтқанда, «Дағдарыс орталықтары одағы» еліміздің 12 өңіріндегі 19 ұйымды біріктіреді. Олар әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғаумен және гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алумен айналысады. Қоғамдық ұйымдардың практикалық тәжірибесі азаматтардың өтініштеріне жедел әрі нақты көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Қазақстанда мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес сектор арасындағы әріптестік те жүйелі түрде нығайып келеді. Осындай диалог алаңдарының бірі – «Дағдарыс орталықтары одағы» жыл сайын 25 қарашада, Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жоюдың халықаралық күнінде өткізетін Орталық Азия конференциясы. Жиынға мемлекеттік органдардың, қаржы секторының өкілдері, сарапшылар мен бейінді мамандар қатысып, атқарылған жұмыстарды қорытындылайды және қолдау тетіктерін жетілдіру мәселелерін талқылайды.