Astana Media Week 2026: үздік баспасөз қызметтері мен хатшылары марапатталды
Astana Media Week – 2026 медиа апталығының екінші күнінде үздік баспасөз қызметтері мен хатшылары марапатталып, сарапшылар ақпараттық саясаттың жаңа…
Елордада өтіп жатқан Astana Media Week – 2026 медиа апталығының екінші күнінде мемлекеттік органдардың ақпараттық қызметінде озық нәтиже көрсеткен мамандар марапатталып, «Үздік баспасөз қызметі» және «Үздік баспасөз хатшысы» аталымдарының жеңімпаздары жарияланды.
«Үздік баспасөз қызметі» аталымы бойынша Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі мен Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі үздік деп танылды.
Ал «Үздік баспасөз хатшысы» жүлдесін ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Айнаш Қойшыбаева мен Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі Мира Сүлейменова иеленді.
Сонымен қатар, «Қазақстанның ақпараттық саясатындағы жаңа ережелер» тақырыбында сарапшылар кездесуі ұйымдастырылды. Оған ҚР Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі Лаура Жақыпова, медиаменеджер Асқар Жалдинов, «Qazcontent» АҚ басқарма төрағасы Әділ Сейфуллин және «Власть» интернет-журналының Астана бюросының жетекшісі Тамара Вааль қатысты. Жиында мемлекеттік ақпараттық саясаттың өзекті мәселелері, мемлекеттік органдар мен бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы байланыс, баспасөз қызметтерінің жұмысын жетілдіру және қоғаммен тиімді қарым-қатынас орнату жолдары талқыланды.
«Qazaq Creative Power: Қазақстандық вайбты кім қалыптастырады?» пікірталасында шығармашылық индустрия, медиа және кино саласының өкілдері отандық контентті дамыту және оны бүгінгі аудиторияға кеңінен тарату мәселелерін көтерді. Спикерлер қатарында ҚР Құрылтайының депутаты Асхат Аймағамбетов, Jibek Joly телеарнасының басқарушы директоры Алдан Нағашыбек, журналист Жазира Байдалы, режиссер Ернар Алмабек, кинорежиссер Жандос Құсайынов, Astana AI Film Festival негізін қалаушы Айзатулла Хуссейн және басқа да сарапшылар болды.
Медиа апталық аясында жарнама саласының дамуына да айрықша мән берілді. «Жарнама медиа нарығының жаңа экономикасы» атты стратегиялық сессияда TikTok, Nur.kz, Orda FM, Sport+ Qazaqstan және K Research Central Asia зерттеу компаниясының өкілдері жарнама нарығындағы өзгерістерді, цифрлық платформалардың дамуын және медиаконтенттен табыс табудың жаңа жолдарын қарастырды.
Бағдарламаның тәжірибелік бөлімінде Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің президенті Рүстем Биғари «Деректер экономикасы: бизнес-аналитика басқару мен шешім қабылдауды қалай өзгертеді?» тақырыбында шеберлік сабағын өткізді. Сондай-ақ «Вайбкодинг: медианың жаңа технологиялық сауаты» LIVE-зертханасы мен «Меншікті медианы дамытуға арналған Tik-Tok LIVE» шеберлік сабағы ұйымдастырылды. Қатысушылар заманауи цифрлық құралдарды қолдану, технологиялық шешімдер әзірлеу және тікелей эфир платформалары арқылы медиажобаларды ілгерілету тәсілдерін меңгерді.
Astana Media Week 2017 жылдан бері өткізіліп келеді. Медиа апталыққа мемлекеттік органдардың, қазақстандық және шетелдік БАҚ-тың, технологиялық компаниялар мен кәсіби қауымдастықтың өкілдері жиналады. Биылғы мерейтойлық жиын – медиа саласын дамытуға, жасанды интеллектіні енгізуге және кәсіби байланысты нығайтуға бағытталған.




