Теміртауда жеті үйдің мұржасы тазаланып, улы газ датчиктері орнатылды
Теміртауда «Қауіпсіз қала» акциясы аясында жеті тұрғын үйдің мұржасы тазаланып, улы газды анықтайтын датчиктер орнатылды.
Теміртау қаласында пеш жылытатын жеті тұрғын үйде мұржалар тазаланып, көміртек тотығы мен түтінді анықтайтын датчиктер орнатылды. Бұл шара «Әділет» партиясының Qarmet акционерлік қоғамындағы филиалы мен Теміртау қаласындағы Төтенше жағдайлар басқармасының (ТЖБ) бірлесуімен республикалық «Қауіпсіз қала» акциясы аясында жүзеге асты.
Алдын ала іріктелген үйлерге партия өкілдері көмекке мұқтаж тұрғындарды анықтап, барып, қажетті жұмыстарды жүргізді. Ақтау кентінің тұрғыны Елемес Амангелді бұл көмектің дер кезінде көрсетілгенін атап өтті.
«Мұржаны уақытылы тазалап үлгеру мүмкіндігі әрдайым бола бермейді. Алайда бұл жұмыстың қауіпсіздік тұрғысынан қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеміз. Бүгін біздің мұржамыз тазаланып, көміртек тотығы мен түтінді анықтайтын датчиктер орнатылды. Енді үйіміздің қауіпсіздігіне алаңдамайтын болдық. Осындай көмек көрсеткен «Әділет» партиясына алғыс айтамыз», – деді ол.
Техникалық жұмыспен қатар ТЖБ қызметкерлері тұрғындармен оқыс оқиғалардың алдын алу бойынша әңгімелесіп, пешпен жылыту жүйесін пайдалану ережелерін түсіндірді. Олар мұржаларды үнемі тазалап, техникалық қызмет көрсетіп отыру қажеттігін еске салды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат – қайғылы жағдайлардың салдарымен күресу емес, оның алдын алу.
«Мұржаларды тазалау және улы газды анықтайтын датчиктер орнату – қарапайым, алайда адам өмірін сақтап қалу ісінде маңызы зор профилактикалық шаралар», – деді «Әділет» партиясы Qarmet акционерлік қоғамындағы филиалының жетекшісі Гүлнұр Әбдіғалиева.
Мамандардың айтуынша, көміртек тотығының қаупі – адам оны сезіне алмай қалуында. Бұл газдың түсі де, иісі де жоқ. Егер ол жабық бөлмеде жиналып қалса, адам өлімі де орын алуы мүмкін. Ал датчиктер газдың қауіпті концентрациясын анықтап, тұрғындарды дер кезінде ескертеді.
«Қауіпсіз қала» акциясы «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылуда. Оның негізгі бағыттарының бірі – тұрғын үйлердегі өрттің алдын алу. Қарағанды облысында жылу беру маусымының басталуына байланысты газдан уланудың алдын алуға ерекше назар аударылды. Акция Қазақстанның барлық өңірін қамтиды. Өңірлерде де адамдарға қауіп төндіретін жағдайлардың алдын алу бағытында жұмыс жүргізілуде.




