Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
16 қазан 2026, жұма USD 454,1 EUR 509,2 RUB 5,41 CNY 67,9 Астана -1° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Құрылтай депутаттары үшжылдық бюджет жобасын бірінші оқылымда қолдады

Құрылтай депутаттары 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Құрылтай депутаттары үшжылдық бюджет жобасын бірінші оқылымда қолдады
Сурет: aikyn.kz

«2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы Құрылтай депутаттарының бірінші оқылымдағы мақұлдауынан өтті. Құжат Мемлекет басшысының негізгі міндеттерін жүзеге асыруға – макроэкономикалық тұрақтылықты ұстап тұруға, әлеуметтік міндеттемелерді толық орындауға және инфрақұрылымды жедел дамытуға бағытталған.

Орта мерзімді кезеңде жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық өсімі 5,4%-ға жетпек. Жылдық инфляция 2027 жылы 7,5-9,5% дәлізінде болжанып, 2029 жылға қарай 6%-ға төмендеуі күтілуде. Республикалық бюджет тапшылығын кезең соңында ЖІӨ-нің 0,4%-ына дейін қысқарту, меншікті кірістерді 23,4 трлн теңгеге дейін ұлғайту жоспарда бар. Ұлттық қордан берілетін кепілдендірілген трансферт біртіндеп азайып, 2 трлн теңгеге дейін төмендейді.

2027 жылы меншікті кірістер 19,9 трлн теңгеге жетеді деп болжануда, оның басым бөлігі салық түсімдерінен құралады. Сонымен қатар 5,5 трлн теңге трансферт түседі деп күтілуде. Республикалық бюджет шығыстары 30,2 трлн теңгеге жоспарланған. Оның үштен бірінен астамы ғылым, білім және медицинаны қолдауды күшейту арқылы адами капиталды дамытуға бағытталады. Өзге басымдықтар қатарында өңірлерді қолдау, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мемлекеттік борышқа қызмет көрсету және басқа да міндеттер бар.

Келесі жылы экономиканың нақты секторын дамытуға 3,7 трлн теңге қарастырылған. Бұл қаражаттың басым бөлігі көлік инфрақұрылымына, ауыл шаруашылығына, өнеркәсіпке, кәсіпкерлікке және цифрлық дамуға бағытталады. Автомобиль жолдары мен өткізу пункттерінің құрылысы, жоғары жылдамдықты интернетке қолжетімділікті дамыту, ғарыш саласындағы жаңа жобаларды іске асыру және агроөнеркәсіп кешені жобаларын қолдау жалғасады.

Заң жобасын қарау барысында депутаттар ерекше назар аударуды қажет ететін бірқатар мәселені көтерді. Олардың қатарында макроэкономикалық болжамдардың дәлдігін арттыру және бюджеттің меншікті кірістерінің тұрақты өсуін қамтамасыз ету бар. Сондай-ақ Ұлттық қордың тұрақтандыру және жинақтау функцияларын сақтай отырып, одан берілетін трансферттерге тәуелділікті азайту қажеттігі атап өтілді.

Депутаттар бюджет шығыстарының тиімділігін арттыруға және жоспарлау сапасын жақсартуға ерекше назар аударды. Сонымен қатар мемлекеттік борышты, оған қызмет көрсету шығындарын және оны өтеу көздерін бақылаудың маңыздылығын атап өтті.