Сынақ орталығы EDQM аудитінен төртінші рет сәтті өтті
Сынақ орталығы ISO/IEC 17025:2017 және EDQM/OMCL талаптарына сәйкестікті растайтын халықаралық аудиттен төртінші рет сәтті өтті.
Халықаралық аудит ISO/IEC 17025:2017 стандарты мен EDQM/OMCL басшылық құжаттарының талаптарына сәйкестікті кезекті растау рәсімі шеңберінде жүргізілді. Сынақ орталығы бұл рәсімнен төртінші мәрте өтіп, халықаралық сапа стандарттарын ұстанатынын және зертханалық қызметті үздіксіз жетілдіруге бейілділігін көрсетті.
Аудит кезінде халықаралық сарапшылар қызметкерлердің кәсіби құзыреттілігін, ынтымақтастыққа ашықтығын, халықаралық стандарт талаптарын терең түсінуін және сапа менеджменті жүйесінің тиімді ұйымдастырылуын жоғары бағалады. Міндеттердің нақты бөлінуі, жұмыс процестерін жетілдірудегі жүйелі тәсіл, сондай-ақ сынақтар мен бақылау рәсімдерін құжаттаудың жоғары деңгейі ерекше атап өтілді.
Аудиторлар зертхананың күшті жақтары ретінде хроматографиялық колонкаларды басқарудың озық тәжірибелерін, сынақ нәтижелерін қосымша екі мәрте тексеру жүйесінің енгізілуін, сондай-ақ өлшеуіш шыны ыдыстарды тексерудің жолға қойылған рәсімін атады. Зертханалық үй-жайлардың ұйымдастырылуы мен күтіп-ұсталуы, зертханалық су сапасын бақылаудың кешенді тәсілі және толық әрі жүйеленген құжаттамамен расталған жабдықтардың ішкі біліктілігін бағалау жұмыстары да оң бағасын алды.
Сарапшылар сапа менеджменті жүйесінің жарамдылығы мен тиімділігін жүйелі түрде бағалауға бағытталған басшылық тарапынан талдау жүргізу тетігіне ерекше назар аударды. Аудит ашық әрі сындарлы жағдайда өтті. Қажетті құжаттаманың жедел ұсынылуы Сынақ орталығы қызметінің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын қосымша растады.
Зертхананың техникалық құзыреттілігі мен қызметкерлерінің кәсіби деңгейі EDQM ұйымдастыратын, әлемнің түкпір-түкпірінен 100-ден астам зертхана қатысатын халықаралық кәсіби сынақ бағдарламаларына (PTS) қатысу арқылы тұрақты түрде расталып келеді.
EDQM аттестаттауы жүргізілетін сынақтардың сапасын растайтын маңызды көрсеткіш болып саналады және дәрілік заттардың сапасын бақылау жөніндегі халықаралық басшылық құжаттарды енгізуге, OMCL желісі мүшелерінің жыл сайынғы кездесулеріне қатысуға, кәсіби білім алуға, тәжірибе алмасуға және шетелдік зертханаларға оқу сапарларын ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Ынтымақтастық аясында EDQM білім беру іс-шараларына және халықаралық кәсіби сынақ бағдарламаларына қатысу да көзделген.
Аудит нәтижелері зертханалық бақылаудың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын көрсетіп, халықаралық талаптарға сәйкестікті кезекті рет растауға негіз қалайды. EDQM-мен ынтымақтастықты дамыту Қазақстанның зертханалық қызметінің техникалық әлеуетін нығайтуға, озық халықаралық тәжірибелерді енгізуге және дәрілік заттардың сапасын бақылаудың ұлттық жүйесін одан әрі жетілдіруге ықпал етеді.




