Франциядағы наразылық: 6877 адам ұсталып, жүздеген адам жарақат алды
Францияда оқушылар мен студенттердің наразылығы екі аптадан астам уақытқа созылып, 6877 адам ұсталды, 200 оқушы мен 700 полицей жарақат алды.
Францияда білім беру саласындағы ахуалды жақсартуды талап еткен оқушылар мен студенттердің наразылығы екі аптадан астам уақытқа созылды. Шерулер барысында қақтығыстар тіркеліп, зардап шеккендер қатары көбейді.
Reuters агенттігінің деректеріне сәйкес, тәртіпсіздіктер кезінде шамамен 200 оқушы мен 700 полиция қызметкері жарақат алған. Сондай-ақ 6877 адам ұсталып, олардың басым бөлігі кәмелетке толмағандар болып шықты.
Полицияның күш қолдануынан бірнеше жасөспірім ауыр жарақат алған. Атап айтқанда, 14 жастағы баланың жақ сүйегі сынса, 15 жастағы оқушы бір қолынан айырылған.
Қазіргі таңда полиция әрекетіне қатысты 24 іс бойынша тергеу жүргізілуде.
Құқық қорғаушылар резеңке оқтар мен арнайы гранаталарды қолдануға тыйым салуды талап етіп отыр. Ал полиция өкілдері мұндай құралдар тәртіпсіздіктер кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қажет деп мәлімдеді.




