Ресей Украинаның көлік инфрақұрылымына соққыны күшейтті
Ресей әскері Украинадағы көпірлер мен көлік инфрақұрылымына соққыны күшейтті.
Украинадағы энергетикалық нысандарға жасалған шабуылдардан кейін Ресей әскері көпірлер мен маңызды көлік инфрақұрылымына соққы беруді ұлғайтты. Financial Times басылымының мәліметінше, соңғы бір апта ішінде ресейлік реактивті дрондар Днепр өзені үстіндегі үш көпірге, оның ішінде Киевтегі Солтүстік және Оңтүстік көпірлерге шабуыл жасады.
Шабуылдардың салдарынан ондаған адам жарақат алып, көлік қозғалысы қиындады. Кейбір бағыттарда қоғамдық көлік қатынасы тоқтатылды.
Басылым Ресейдің жаңа тактикасы ірі қалалар арасындағы көлік байланысын әлсіретіп, қыс қарсаңында Украина экономикасына қосымша қысым жасауға бағытталғанын жазады.
Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің азаматтық инфрақұрылымға шабуылдарын айыптады. Ал Кремль бейбіт нысандарды әдейі нысанаға алатынын жоққа шығарады.




