Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
10 қазан 2026, сенбі USD 453,9 EUR 508,7 RUB 5,35 CNY 67,8 Астана +9° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Қырғызстандық әйел аяқкиіміне 182,3 млн теңгелік алтын жасырып, Қытайға өтпек болған

Қырғызстан азаматы аяқкиімінің ұлтарағына жасырған 182,3 миллион теңгелік алтын құймаларын Қытайға заңсыз алып өтуге әрекеттенді.

Қырғызстандық әйел аяқкиіміне 182,3 млн теңгелік алтын жасырып, Қытайға өтпек болған
Сурет: aikyn.kz

Қырғызстан азаматы Қазақстан арқылы Қытайға 182,3 миллион теңге тұратын алты алтын құймасын заңсыз алып өтуге әрекеттенді. Бұл туралы Бас көлік прокуратурасы хабарлады.

Тергеу мәліметінше, әйел алтынды Қырғызстаннан сатып алып, «Қордай Авто» өткізу бекеті арқылы Қазақстанға кірген. Одан әрі құймаларды Қытайға заңсыз шығаруды жоспарлаған.

Кедендік және шекаралық бақылаудан жасырын өту үшін ол әр аяқкиімінің ұлтарағының астына үш құймадан салып қойған. Алайда «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығы аумағында тексеру кезінде алтын табылып, тәркіленді.

Алты құйманың жалпы салмағы 2,8 келі, құрамындағы алтын мөлшері 99 пайыздан асады. Олардың жалпы құны 182,3 миллион теңгеге бағаланған.

Бас көлік прокуратурасының өтініші бойынша сот алтын құймаларын сотқа дейін тәркілеу туралы шешім шығарды. Нәтижесінде алтын мемлекет кірісіне өткізілді. Сот қаулысы заңды күшіне енді.

Қазіргі уақытта іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.